Атырау облысында жоғалған отбасы мен күдікті туралы ақпарат таратқан “Атыраулық хакер” Түркияда ұсталды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Мәліметке сәйкес, күдікті жақын арада Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланбақ.
Атырау облысының прокуратурасының мәліметінше, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті Ж.Н. азаматтардың ақшасын иемденген. Ол өзін инвестиция салуға мүмкіндік барын айтып, IT саласында оқыту, бұғатталған аккаунттарды ашып беру, қаражатты шығарып алуға көмектесу және техника сату сияқты қызметтерді ұсынып, адамдардың сеніміне кірген.
Осылайша, бірнеше эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 13,7 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.