Ресейдің Мәскеу облысында 12 жастағы мектеп оқушысын қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен екі жасөспірім қыз ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға Кабаново ауылында орын алған. 26 тамызда жоғалып кеткен 12 жастағы баланың мәйіті ертесіне иен қалған бұрынғы жатақхананың жертөлесінен табылды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 15 және 16 жастағы жергілікті тұрғындар ұсталды. Алдын ала болжам бойынша, олар көрші баланы қараусыз ғимаратқа алдап апарып, алдын ала дайындап қойған пышақ пен қолғапты пайдаланған. Осы оқиғаға байланысты құзырлы органдар «адам өлітіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу амалдары барысында оқиғаның қорқынышты детальдары белгілі бола бастады. Ұсталғандар өз әрекеттерін сұмдық уәжбен түсіндірген.
«Күдіктілер адамдардың қалай өлетінін өз көздерімен көргісі келгенін айтқан», – деп хабарлайды дереккөз.
Сонымен қатар жасөспірімдердің қылмысты «видеочеллендж» ретінде бейнетаспаға түсіруі немесе із жасыру мақсатында телефондарын үйде қалдырып кетуі мүмкін деген нұсқалар тексеріліп жатыр.
Қаза тапқан баланың анасы Ирина msk1 басылымына берген сұхбатында күдікті қыздардың бұған дейін де басқа адамдарды өтіруді жоспарлауы мүмкін екенін меңзеді. Оның сөзінше, тергеудің бір нұсқасы бойынша бойжеткендер «Игра в кальмара» сериалынан шабыт алған болуы ықтимал. Бұған күдіктілердің бірінің бөлмесінде аталған сериалдың плакаттарының ілулі тұрғаны және оның TikTok парақшасынан сериалдағы қатыгез көріністерден құралған бейнежазбалардың табылуы негіз болып отыр.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша кешенді тергеу амалдары ары қарай жалғасуда.