Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Абыройды төккеннен кім ұтты?». Ұлттық мектептегі 10,8 млрд дауы: Министрлік жауап берді

17:21, 02 қыркүйек 2026
Абай ұлттық мектебіндегі 10,8 миллиард теңгеге қатысты даудан кейін мектеп түлектері үн қатып, Оқу-ағарту министрлігі жүргізген аудит қорытындысымен келіспейтіндерін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.

«Ұшқан ұя» түлектер қауымдастығының мәліметінше, білім ордасында кадрлар тұрақтамай, жаңа оқу жылы директорсыз әрі төрт орынбасардың орны бос күйде басталған. Сондай-ақ соңғы төрт жылда директордың төрт рет ауысқаны белгілі болды. Түлектер министрлік мектеп басшылығына «өзіне жақын адамды» әкелмек деген де қауесеттердің тарағанын жеткізді.

«10 миллиард теңге дауы тым дабыраланды. Биыл шамамен 10 миллиард теңгеге жаңа ғимарат пайдалануға берілгенімен, мектеп пен жатақханада ыстық су мәселесі көтеріліп отыр. Жаңа нысан аумағындағы көгалдар мен жасыл желектердің қурауы да жауапты органдардың жұмысына сұрақ туғызады. Балансқа толық өткізіліп үлгермеген мүлік те заңбұзушылық ретінде көрсетіліп, мәселе қоғамға тым дабыралы түрде ұсынылды. Әдейі бұрмаланған ақпараттың артында кім тұр? Ұлттық мектептің абыройына көлеңке түсіру арқылы кім ұтты?» – деп ашынды мектеп түлектері.

Шулы мәлімдемеден кейін Оқу-ағарту министрлігі ресми түсініктеме беріп, мектептің қараусыз қалғанын жоққа шығарды. Ведомство өкілдері қазір уақытша директордың міндетін атқарушы тағайындалғанын және оқу процесі штаттық режимде өтіп жатқанын хабарлады. Бұрынғы басшылық 2026 жылғы мамыр–маусым айларындағы ішкі мемлекеттік аудиттен соң өз еркімен кеткен.

«2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға сәйкес мұндай лауазымдарға қабылдау тек ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде конкурс өткізу қағидалары бекітіліп жатыр, олар күшіне енген соң директор қызметіне конкурс жарияланады», – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Қазіргі уақытта оқу орнында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бастаған арнайы жұмыс тобы қызмет етуде.

Ресми аудит тексерісі 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтып, жалпы сомасы 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 10,4 млрд теңге – қаржылық бұзушылық, 10,2 млн теңге – бюджетке қайтарылуға тиіс қаражат, 10,4 млрд теңге – қалпына келтірілуі қажет сома, ал 370,6 млн теңге – рәсімдік бұзушылық ретінде тіркелді. Тексеру қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 4 материал жолданып, әкімшілік айыппұл салу үшін 24 құжат бағытталған.

Айта кетейік, Абай ұлттық мектебі 1957 жылы республикалық мектеп-интернат болып ашылып, 2020 жылдан бері гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желісінің ресурстық орталығы ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл іргелі білім ордасынан Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай, Дулат Тастекей және композитор Кеңес Дүйсекеев сынды елімізге белгілі тұлғалар түлеп ұшқан.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар