Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"70-90 шақырым жылдамдық". Алматы - Қорғас тасжолындағы шектеулерге ҚазАвтоЖолдың пікірі қандай? (Видео)

18:38, 20 қаңтар 2025 140

Әлеуметтік желілерде Алматы-Қорғас тас жолындағы жылдамдық шектеулеріне қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Видео авторларының бірі бұл шектеулер айыппұлдар арқылы мемлекеттік қазынаны толтырудың әдісі ретінде қабылданатынын алға тартты, деп жазады Alash.KZ.

– Алматы-Қорғас тас жолында сағатына 70-90 шақырым жылдамдық шектеулері белгіленген. Жол бойына арнайы жылдамдық өлшегіштер қойылып, орташа жылдамдықты анықтап, айыппұл салуда. Бұл қадам мемлекетке қаржы жинаудың құралына айналды деп санаймын, – дейді видео авторы.

Ал бұл видеодағы пікірге ҚазАвтожолдың пікірі қандай?

Қоғамда дау туғызған бұл мәселе бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» өкілдері түсініктеме берді.

– «Алматы-Шелек-Қорғас» автожолында орнатылған 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты шектеу» белгілері Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңының 23-бабына сәйкес қойылған. Бұл белгілерді орнату жөніндегі ұсыныстарды Алматы облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы ұсынды. Белгілердің мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Олардың айтуынша, жылдамдық шектеулері жол қауіпсіздігін сақтау және апаттардың алдын алу үшін маңызды шара саналады. Сонымен қатар, орташа жылдамдықты есептеу жүйелері халықаралық тәжірибеде де қолданылып, жол қозғалысын реттеуге оң әсерін тигізетіні дәлелденген.

Желі қолданушылары арасында бұл шектеулерге қатысты пікірлер әртүрлі. Кейбіреулер бұл шаралардың қауіпсіздік үшін қажет екенін қолдаса, енді біреулер оны бюджет толтырудың әдісі ретінде көріп, сынға алды. Қалай болғанда да, жол қозғалысы ережелерін сақтау – жүргізушілердің қауіпсіздігі мен қоғам мүддесіне бағытталған басты қағида болып қала бермек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар