Қазақстандық оқушылар Қытайдың Шанхай қаласында өткен 67-ші Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) 3 күміс және 3 қола медаль иеленіп, ел қоржынына жалпы 6 марапат сыйлады, деп хабарлайды Alash.kz.
13–21 шілде аралығында ұйымдастырылған бұл білім бәсекесіне әлемнің 117 елінен 700-ге жуық оқушы қатысып, бақ сынады. Дүбірлі додада «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің оқушысы Тимур Мұрат, «NURORDA» мектеп-лицейінің өкілі Әли Еркебұланұлы және Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Батырхан Бейганов күміс жүлдегер атанды. Ал қола медальды «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Ерасыл Алтынбек, Spectrum халықаралық мектебінен Марғұлан Шарел және «Haileybury Almaty» мектебінің өкілі Амирлан Аманжолов еншіледі.
Қазақстан құрамасы халықаралық IMO олимпиадасына 1992 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Осы жылдар ішінде отандық оқушылар жалпы есепте 16 алтын, 54 күміс, 86 қола медальмен қатар 30 Құрмет грамотасына ие болды.