Орал қаласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-бірін жоғалтып алған бауырлар қауышты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оралдағы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына Ақтөбе облысының тұрғыны Жетпісбай Қасмұханов зайыбымен және бауырларымен бірге келіп, 54 жыл бұрын қол үзіп қалған інісі Аманбекпен қауышты.
Ағайындылардың ажырап кетуіне отбасылық жағдай себеп болған. Aналары қайтыс болған соң, балалар жетімдер үйіне бөлінген. Кенже інісі Аманбек денсаулығындағы кінәраттарға байланысты Орал қаласындағы арнайы мекемеге ауыстырылып, сонда 47 жылға жуық уақыт өткізген. Іздеу жұмыстарының ұзаққа созылуына балалардың тегінің өзгертілуі басты кедергі болған. Қазіргі таңда Аманбек әрекетке қабілетсіз деп танылғандықтан, оған мекеме басшысы қорғаншылық етеді. Ендігі кезекте Жетпісбай Қасмұханов қорғаншылық құқығын өзіне рәсімдеп, арнайы комиссияның оң шешімін алуы тиіс.
Кездесу барысында Жетпісбай Қасмұханов көпжылдық ізденісі мен ішкі сезімдері туралы былай деп мәлімдеді: «Мен оны табатыныма әрдайым сендім. Бір күні оның жанарымен жолығатынымды елестететінмін. Бұл менің арманым еді».
Ол бұған дейін інісін Батыс Қазақстан өңірінен іздеп, түрлі бағдарламаларға жүгінгенін, тіпті іздеу барысында алаяқтарға да тап болғанын айтып берді.
Іздеу жұмыстарының нәтижелі аяқталуына Жетпісбайдың медицина саласында қызмет ететін зайыбы септігін тигізген. Ол мамандандырылған медициналық ақпараттық жүйе арқылы Аманбектің қай жерде екенін анықтаған. Қазіргі уақытта ағайындылар алғашқы кездесуден кейін құжаттарды реттеуге кірісті. Жетпісбай Қасмұханов інісін Ақтөбеге алып кетіп, қалған ғұмырын бірге өткізуді жоспарлап отыр.