Астанада әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажымұқанұлына қатысты сот отырысы басталды. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр, деп жазады Alash.kz.
Әзірге істің егжей-тегжейі толық емес, дей тұрғанмен Nege-дегі әріптестер Аңсардың аты аталған қылмыстық істің мән-жайына үңілуге тырысыпты.
"Әңгіме 50 мың доллар жайында" деп жазды әшкере каналы.
Естеріңізде болса, былтыр Ұлытау облысында ғылыми-әдістемелік орталық қызметкерлеріне қатысты "сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" фактісі бойынша іс қозғалған.
Тергеу амалы кезінде, басқа бір былықтың беті ашылған еді. Орталықтың бас бұғалтыры есірткімен ұсталған қызының жазасын жеңілдету үшін елордалық пәлцейлерге пара ұсынғаны әшкере болған.
Сотта бас бұғалтыр кінәсін толық мойындады. Айтуынша, қызы өткен жылдың 28 наурызында ұсталыпты. Оның есірткі сақтағаны және оны саудаға шығаруға тырысқаны дәлелденген.
Анасы үрейленіп, таныс-тамыр арқылы "мәселені шешетін" адам іздестіре бастамай ма... Міне, сол кезде оның туысының күйеубаласы 50 мың долларға "мәселені жауып тастауға" уәде берген. Әйел бұл соманы екі бөліп төлеген. Бірақ уәде орындалмаған, істің бабын жеңілдету мүмкін болмаған.
Енді ең қызығы...
Бұғалтыр әйелге уәде берген адам Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі - Аңсар Қажымұханұлы болған. Айтуынша, Аңсар "бұл шаруаны ың-шыңсыз шешіп тастаймыз" деп сендірген. Істің аяғы сұйылып кеткесін, бұғалтыр әйел қаржыны қайтаруды талап еткен.
Алайда Аңсар Қажымұханұлы уәде етілген 50 мың доллардың тек 28 мыңын ғана қайтарған.
Тергеу мәліметі бойынша, Сивидің бұрынғы байында Астанадағы Алматы ауданының полиция бөлімінде ешқандай таныс-тамыры болмаған. Алған қаражатты жеке басының пайдасына жаратып жіберген.
Түнеукүні журналист Анна Данченкоға сұхбат берген Сиви Махмұди бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтып, экран алдында көз жасын көлдеткен еді. Әнші өзінің қауіпсіздігі үшін басқа қалаға көшуге мәжбүр болғанын да мәлімдеген.