Қырғызстанда 27 жастағы әйел күйеуінің жүрегіне пышақ сұғып өлтірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қырғызстанның Шу облысы, Люксембург ауылында 27 жастағы әйел күйеуін жүрегіне пышақ сұғып өлтірді.
Шу облыстық ІІБ баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 ақпанда Ыстық-Ата ауданының ІІБ-не бір үйден зорлықпен өлтірілген 33 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен.
Аталған дерек бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің “Адам өлтіру” бабы бойынша іс қозғалды.
“Тергеу барысында 22 ақпан күні түнгі 02:30 шамасында 27 жастағы Б.К. азаматтық некедегі күйеуі 33 жастағы М.Г.-мен бірге спирттік ішімдік ішкені анықталды. Олар арасында жанжал туындап, әйел ас үй пышағын алып, күйеуінің жүрек тұсына сұғып алған. Ер адам жарақатынан оқиға орнында көз жұмған”, – делінген хабарламада.
Әйел қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жалғасуда.