Alash.kz ұлттық порталы табиғаттың жаңару символы — Наурыз мерекесіне орай жаңадан әзірлеген қанатты сөздер мен ақ баталар жинағын назарларыңызға ұсынады:
Наурыз туралы ең танымал афоризмдер мен қанатты сөздер
Наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, жаңару мен жасампаздықтың бастауы.
Бұл күн – береке мен бірліктің, татулық пен достықтың нышаны.
Наурыз – бірлік пен татулықтың, жаңару мен жақсылықтың мерекесі.
Бұл күн әр шаңыраққа қуаныш пен молшылық әкелсін!
Наурыз – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін,
береке мен бірлікке үндейтін ұлы мереке.
Наурыз – ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі.
Наурыз – көктемнің жаршысы,
жақсылық пен жаңарудың белгісі, бақ пен берекенің бастауы.
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі.
Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы!
Наурыз – күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы жылитын күн.
Наурыз – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы.
Наурыз – қытымыр қыстың қаһары қайтып, малдың аузы көкке тиетін, қора төлге толып, адам аузы аққа тиетін шақ.
Наурыз – күн мен түн теңеліп, табиғаттың жаңғыратын, күллі дүние қайта түлеп, тіршілік біткен жанданатын кезең.
Наурыз – жыл құстарының оралып, жердің бусанып, самал желдің желпіп, ақ бұлақтардың сыңғырлап, шың-құздардың шаттанып, теректердің тербетіліп, найзағайдың жарқылдап, ақ жауынның себелеп, Табиғаттың жаңаратын, Адамзат баласының жаңғыратын шағы.
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі.
Наурыз – «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық пен құт-береке тілеп, ақ дастарқан жайып, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі.
Наурыз – жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отырып, ақ бата беретін Ынтымақ пен бірлік мерекесі.
Наурыз – қаһарлы қыстан аман-есен шығып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі.
Наурыз – ағайынның бас қосып, ренішті ұмытып, санасы серпіліп, көңіл-күйі жадырап қауышатын Көрісу мерекесі.
Наурыз – салт-дәстүрді ұлықтап, ата-баба дәстүрін жаңғыртып, ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық ойындармен жігерлендіретін Думанды мереке.
Наурыз – ақ баталар төгіліп, ізгі ниет пен жүрекжарды тілектер ақтарылып, риясыз жақсылық жасалатын Қасиетті күн, әз Мереке.
_______________________________________________________
Ұлыстың ұлы күніне арналған ақ баталар
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Пәле-жала жерге енсін!
Қайда барсақ, жол болсын!
Уайым-қайғы жоқ болсын!
Ұлы халқым тоқ болсын!
***
Ұлыс күні қазан толсын!
Дастарқан дәмге толсын!
Ақ мол болып,
Ырыс көбейсін!
Береке молайсын!
***
Наурыз құтты болсын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Әкелеріміз ардақты,
Аналарымыз аяулы,
Ұрпағымыз саналы болсын!
Еліміз аман,
Жұртымыз тыныш болсын!
***
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Асымыз адал болсын!
Дастарқанымыз мол болсын!
***
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ақ мол болсын!
Қайғы-уайым жоқ болсын!
Қайда барсақ жол болсын!
Ел-жұртым аман болсын!
***
Ашық аспан, бейбітшілік заман болсын!
Елім, жұртым қадірлі аман болсын!
Бақ-береке, ырыс-құт серік болып,
Әр әулетке қасиетті Қыдыр қонсын!