Көкшетауда автобус жүргізушілері ереуілге шықты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Көкшетау қаласында қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтап қалды.
Автобус жүргізушілері мен кондукторлар жалақының аздығы мен еңбекақының кешіктірілуіне наразылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартты.
Жүргізушілердің айтуынша, олардың айлық жалақысы шамамен 200 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққан кезде бұл сомадан да түрлі ұсталымдар жасалады. Олар еңбекақының атқарып отырған жұмысына сай болуы тиіс екенін талап етуде.
Автопарк басшылығы қызметкерлердің жалақысы бір аптаға кешігіп қалғанын растады. Кәсіпорын мұны әкімдік тарапынан субсидиялардың уақытында аударылмауымен түсіндірді.
Басшылықтың мәліметінше, бюджеттен бөлінетін қаражат жүргізушілер мен кондукторлардың жалақысын төлеуге және салықтарды өтеуге жұмсалады. Ал автопарктің өз кірісі қосалқы бөлшектер мен дизель отынын алуға ғана жеткілікті.
Жүргізушілер жұмысқа шықпағаннан кейін жергілікті билік субсидияларды сол күні аударуға уәде берді. Алайда жалақыны көтеру мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ. Әкімдік 21 шілдеге дейін автопаркке бөлінетін қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған ұқсас жағдай 2024 жылы Теміртауда да болған еді. Сол кезде қаладағы ең ірі автопарктің жүргізушілері жолақыны электронды төлеу жүйесіне көшкеннен кейін ереуілге шығып, бірнеше күн бойы қоғамдық көлік қатынасы айтарлықтай шектелген болатын.