Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз. Бұл туралы Alash.KZ порталы "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Ашық алаң" ток шоуына сілтеме жасап хабарлайды.
Ас мәзірі қонақасындағы ас мәзірі емес, той жасайтын дастарқан сияқты. Минималды баға 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не?
"Қазақстан" ұлттық арнасының "Ашық алаң" ток шоуына қатысқан депутат Дәулет Мұқаев Астананың аты әйгілі мешіттеріндегі ас мәзірінің тым қымбат екенін, бірыңғай ас мәзірі Астанадан басталуы керек екенін ескертті.
Мысалы Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек 7-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ. Ұсынбайды. Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?
Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар.
Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр.
Ысырапшылдықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!
Оқырмандар: "Не деген баға бұл. Молдалар байымағанда кім байиды мына бағамен? Міне ешқандай шығынсыз пайда табу деген осы. Свет, жылу жамағаттың садақасынан төленеді. Аренда жоқ. Рахат қой" деп жазды.