Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«2%-дық ипотека, Зейнетақы жинағы, Ұялы телефонға тыйым»: Елімізде бүгіннен бастап не өзгереді?

11:06, 01 қыркүйек 2026

Қыркүйек айының алғашқы күнінен бастап Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және басқа да салаларда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді Alash.kz ұлттық порталы Stan.kz редакциясына сілтеме жасап.

Жаңа оқу жылының басталуы

2026-2027 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады. Бірінші тоқсан сегіз аптаға созылады. Күзгі демалыс 26 қазан – 1 қараша, қысқы демалыс 28 желтоқсан – 10 қаңтар аралығына жоспарланған. Ал бірінші сынып оқушыларына 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс беріледі.

Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі

Биылғы оқу жылы ұстаздарды аттестаттаудың жаңартылған жүйесіне көшу кезеңі болмақ. Кейбір мұғалімдер білімді бағалау тестін қайта тапсырудан босатылып, жаңа тәртіппен аттестациядан өте алады. Бұл жүйе толықтай 2027 жылы енгізіледі. Ол кезде педагогтің тест нәтижесінен гөрі оның тәжірибелік жұмысына, оқушыларының жетістіктеріне, сабақ пен тәрбие жұмысының сапасына басымдық беріледі.

Оқушыларды медициналық тексеру форматы

Денсаулық сақтау министрлігі мектептерде профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасын жаңа форматқа ауыстыруды бастайды. Балаларды тексеру барысында электрокардиографтар, пульсоксиметрлер және басқа да цифрлық диагностикалық құрылғылар кеңінен қолданылады. Барлық медициналық ақпарат электронды денсаулық паспортына жинақталады.

Сабақ кезіндегі ұялы телефон

Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынады. Ерекшелік тек телефонды оқу жоспарына сай пайдалану қажет болған жағдайда ғана жасалады. Әр мектеп телефондарды сақтау тәртібін өзі белгілейді.

Бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ

Енді бастауыш сыныптарда бөлім бойынша (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Басты назар баланың жиі бағалануына емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгеріп, тәжірибеде қолдана алатынына аударылады. Сонымен қатар жоғары сыныптарда жаңа курстар енгізіліп, әскери-патриоттық клубтар «Жас айбын» бірыңғай мәртебесіне біріктіріледі.

Мүлік декларациясын тапсыру мерзімі

15 қыркүйекке дейін бірқатар азаматтар 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруға міндетті. Бұл санатқа мемлекеттік қызметшілер, компания басшылары, нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары кіреді. Декларацияда шетелдегі мүлік пен 20 000 АЕК-тен (шамамен 78 миллион теңге) асатын ірі сатып алулар көрсетілуі тиіс.

Зейнетақы жинағын басқару

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға (ИПБ) сеніп тапсыра алады. Бұрын бұл шектеу 50% көлемінде болған. Өтініш жазбаған салымшылардың қаражатын бұрынғысынша Ұлттық Банк басқарады. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға бірнеше жеке компания лицензия алған.

Жеңілдетілген 2%-дық ипотека

14 қыркүйектен бастап 2%-дық ипотека бағдарламасына тек әлеуметтік осал топтар: ардагерлер, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар мен балалар, көпбалалы және жесір аналар ғана қатыса алады. Ал «5-10-20» бағдарламасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін отбасы табысына қатысты шектеу алып тасталады.

Алғашқы жасанды интеллект университеті

Астанадағы EXPO аумағында Qazaq AI Research University – жасанды интеллектіге маманданған алғашқы зерттеу университеті ашылады. Оқу орнының мақсаты AI сервистерін жасайтын инженерлерді даярлау. Бакалавриатта 5 бағыт бойынша білім берілсе, магистратура мен MBA бағдарламалары да қолжетімді болады.

Ресми мәртебеге ие мобильді қосымшалар

5 қыркүйектен бастап eGov Mobile, eGov Business, Aitu Superapp және Enbek қосымшалары әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар қосымшалардың ресми тізіміне енеді.

Шетелдегі қазақстандықтарға паспорт рәсімдеу

Енді шетелде тұратын қазақстандықтар, соның ішінде студенттер, еңбек шартымен жұмыс істейтіндер, қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар елшілік пен консулдық арқылы паспорт рәсімдей алады. Бұл қызмет дипломатиялық өкілдіктің жүйесіне қарай 40-тан 90 күнге дейін созылады.

БАД-тарды міндетті цифрлық таңбалау

1 қыркүйектен кейін өндірілген немесе елге әкелінген биологиялық белсенді қоспаларға, соның ішінде витаминдер мен өсімдік сығындыларына Data Matrix коды қойылуы міндеттеледі. Сондай-ақ шыны бөтелкедегі сыра өнімдері де міндетті таңбалауға жатады.

Шетелден көлік әкелу тәртібі

Қыркүйектен бастап көлікті жеке мақсатта әкелу мен коммерциялық жолмен импорттаудың арасы нақты ажыратылады. Кәсіпкерлерге қосымша құжаттар мен салықтық талаптар енгізіледі. Бұл көлеңкелі импортты азайтып, сатып алушылардың қауіпсіздігін арттырмақ.

Автокөлік майлары мен тұрмыстық техниканы бақылау

Міндетті цифрлық таңбалауға автокөлік майлары мен арнайы сұйықтықтар қосылады. Бұдан бөлек, ЕАЭО аумағына импортталатын тоңазытқыш, кір жуғыш машина және теледидар сияқты тұрмыстық техниканың қозғалысы «Виртуалды қойма» арқылы қатаң бақыланады.

Көліктерге экологиялық тексеріс

Алматыда кезекті техникалық байқаудан өтетін бензин, газ және дизельмен жүретін көліктерге экологиялық тексеріс міндеттеледі. Онда көліктің шығарындыларының уыттылығы мен түтіндігі өлшенеді.

Бейнебақылау камераларына ортақ талап

Қазақстанда жаңадан салынатын немесе қайта жаңартылатын нысандардағы бейнебақылау камераларына бірыңғай ұлттық стандарт енгізіледі. Камералар деректерді кемінде 30 тәулік сақтап, интеллектуалды бейнеаналитиканы қолдануы тиіс.

Бұралқы жануарларға қатысты ереже

4 қыркүйектен бастап бұралқы мысықтар мен иттерді ұйықтату талаптары өзгереді. Енді мысықтарды тек санын реттеу үшін немесе паналайтын жері жоқ деген себеппен эвтаназиялауға тыйым салынады. Ал иттерге қатысты бұрынғы талаптар сақталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар