Танымал тележүргізуші Гүлмира Әбіқай 16 жасынан бері тері ауруымен ауыратын жас қыз туралы баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл туралы өзінің инстаграм парақшасында жазды.
« «Өмір сүргім келеді» деп жылаған өтініштен аттап кете алмадым. Видеоны ашып қарау, қиналған әйелді тыңдау оңай болмады. Дегенмен, жіберген үзік-үзік видеосын толық көріп шықтым. Айдана 30-дан енді асқан, жап-жас. 16 жасында денесіне шыққан түйін жылдар бойы асқынып, ақыры осындай күйге жеткен. Медицина дәрменсіз деп дәрігерлер осылай өмір сүр, көн деген.
Бармаған дәрігерім, қаралмаған емші жоқ. Халық емі дегеннің бәрін жасадым дейді өзі. Климат ауыстырсаң жазыласың деп Оралдан Шымкентке көшкен. Жақсарған түгі жоқ. Бәрі менен жиіркенеді, дәрігерлер де… иегі кемсеңдеді.
«Өлгім келмейді. Қызым үшін өмір сүргім келеді, көмектесіңізші!» деген дауысы құлағымнан кетпеді. Шынында да, неге бізде тері ауруларын емдеу тым мүшкіл? Әлемдік медицина дамып жатқанда неге біз баяғы мазьдарды жағуымыз қажет? Неге түрлі тері ауруларына «осыған көнесің, осылай өмір сүресің» деп айту тән? Отандық дерматологтар тірі ме? Соңғы жылдары дерматологияда ғылыми жетістік бар ма? Елімізде қазынадан қыруар қаржы қорғаныс және денсаулық сақтау министрлігіне бөлінеді. 1 жылдық бюджет 3 триллионға жетеді❗Неге онда жарты Қазақстан Өзбекстанның дерматологиялық клиникасында ем қабылдап жатыр? Ауруы жанға батқан әйелдің қазіргі сенері бір Алла, 16 жыл бойы қасынып жүрсе де намазын үзбепті. Тілекші болайықшы, өмір сүр, Айдана!», - деді тележурналист Гүлмира Әбіқай.