Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ЖҰБАН ЖАСТАРЫ САЛТ-ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕУГЕ АРНАЛҒАН ШАРАДА БАС ҚОСТЫ

15:41, 30 маусым 2023 273
Аптаның жұмасында аудан жастары көненің салт-дәстүрін жаңғыртып, жастардың басын қосқан «Бастаңғы» ойын-сауық шарасын өткізді.

Ата-бабамыздан мұра болып қалған салт-дәстүрді жаңғыртуды мақсат еткен шараға аудан әкімі Айтмұхамбетов Қалияр Шадиярұлы және арнайы шақырылған меймандарымыз, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нарымбетов Бақытжан Хаберұлы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ораз Нұрділдә Серікұлы қатысып, аудан жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жастардың қосар үлесі, жастар саясатын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы мәселелер талқыланды.





Өз кезегінде ауданда жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ж.Ғұмаров, орталықтың жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы З.Жумагелдиева, Базартөбе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы Л.Кубашева, Көнеккеткен ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы Н.Темірғалиева, Тайпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы Д.Сатпаева Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетовтың Алғыс хатымен марапатталды.







Шараның негізгі бөлімінде ауданның барлық ауылдық округтерінен жиылған жастарымыз көгі шұрайлы даланың төсіне киіз үй құрып, қазан-ошағын сайлап, ұмытылған ғұрыптарымызды еске түсірді. Алаңның бұрыштарында тігілген киіз үй, буы бұрқырап қайнаған самаурын, сайын даланы тербеткен әуезді әндер, ұршық иіріп, киіз соққан қос бұрымды бойжеткен, қиқулатып көкпар тартқан жігіттер – осының бәрі жайлауға қоныс тепкен қазақ ауылының мамыражай тірлігін көз алдыңа келтіре білді.



Сонымен қатар, қазақи ғұрыпқа сай күйеуінен рұқсат алып, өзара сауық құрған келіншектер «Абысын асынан», ауылдан көшкен ағайынның көршілеріне ұсынған «Ажырасу көжесінен» дәм татқызды. Үш-төрт жігіт бай ағаларынан «Деңгене» дәметіп барса, ауылдың қыз-келіншектері бірлесіп, киіз басып, «Қой басты» салтымен көмекке келгендерге тәтті тағам таратты. Тағы бір дәстүр – қанжығасы майланған аңшының жолын тосқан қыз-жігіттер оны «Майлансын» деп қарсы алды. 12 қанатты киіз үйдің жанында есті әндер шырқап, тағам дайындаған жастардың да өз міндеті бар екен. Олар үлкен дастархан жайып, оны ұмытыла бастаған дәммен толтырды. Атап айтсақ, үйге келген қонақтар өрме тас, қарма, үлпершек, көмбе, сырбаз қуырдақтан ауыз тиді.

Ақжайықтық өрендер бас қосқан "Бастаңғы" шарасы осылай түйінделді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар