Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жас ділмарлар бақ сынады

08:14, 12 қазан 2022 160
Жыл бойы армандап, ай бойы алашапқын болып, күні бойы ерекше сипатта өткен студенттер арасындағы І республикалық "Ділмар" шешендік өнер байқауы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қолдауымен сәтті, табысты өтіп, тарих қойнауына кетті.



Еліміздің 4 өңіріндегі 8 университет пен 1 колледжден 16 студент қатысып, 2 бөлім 4 кезең бойынша сөз додасына түсті. Жұптар арасында өткен жекпе-жек түріндегі шешендік сайыс қатысушылардың көркемдік деңгейі мен білімін, ой ұшқырлығы мен сөздік қорын, тіл тазалығы мен сұрақ қою қабілетін сыннан өткізді. Қалған екі бөлімде шешендік сөздер мен толғауларды жатқа білу, жұмбақтап, астарлап айтылған ойдың түйінін шешіп, мәнін түсіну деңгейі анықталды. Қазылар мен қатысушылар бал бойынша жеңімпаздар белгілі болған соң ғана хабарланды. Осылайша хакім Абайдың: "кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал" қағидасына сай барынша әділ баға берілді. Байқау қорытындысы мынадай болды:



Бас жүлдені(150 000тг) Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің студенті Рамазан Нұрланұлы жеңіп алды. Жүлделі 1-орынға(100 000тг) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Дәулетбек Думан лайық болса, 2-орындарды І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті Талшын Талғатқызы(70 000тг) мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Қалиханова Гүлай қанжығалады.

3-орын(50 000тг) иегерлері Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенттері Әбдібек Нұрай, Нұрлыжан Қарақат және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Болатбеков Бағжан. 3 қатысушыға арнайы жүлде(30 000) бұйырды. Жоба авторы - журналист, Абай атындағы РММИ-дың мұғалімі Жарқын Сәленұлы.

"Ділмар" шешендік өнер үйірмесінің бастамасымен жүйелі жолға түскен республикалық байқау көрерменннің айызын қандырды. Оған қажет 1 миллион теңгені "Атамұра" корпорациясы демеушілікпен ұсынды. Қонақтар мен қатысушыларға белгілі әнші Нұржан Жанпейіс ән шырқаса, айтыскер ақын Алтынбек Ибрагим жырдан шашу шашты. Студенттер де өз өнерін көрсетті. "Ділмар" мүшелері демеуші болған ұлт жанашыры Рақымғали Абрарұлына сыйлық жасады. Университет ректоры атынан алғыс хат табысталды. Осылайша ұлттық рухани мұрамыздың мерейі үстем болып, жоғарғы оқу орындарынан шешендік өнер үйірмелері құрылып, сайыстар өтетін болды. Сайысты көруге республикалық Абай мектебінің мұғалімдері мен оқушылары да арнайы келді. Абай университеті мен Абай мектебінің байланы одан сайын арта түспек.

"Ділмар - ақпарат".
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар