Форумға дүниенің төрт бұрышынан қонақтар келді. Жалпы 34 мемлекеттен 140-қа жуық халықаралық ұйым өкілдері мен шетелден келген ерікті жастар қатысты. Халықаралық еріктілер форумына Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып сөз сөйледі, жастармен пікірлесті, еріктілермен бірге суретке түсті.
20-21 маусым күндері өткен форумда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бұған мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатыр. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын», - деді өз сөзінде. Мемлекет басшысы еріктілерді үнемі қолдап отырады. Президент бастамасын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбеков те күн тәртібінен түсірген емес. Мәселен, биылғы мектеп бітірушілердің кешінде Астана әкімі Мемлекет басшысының жастарға, оның ішінде еріктілерге үнемі қолдау көрсетіп отыратынын айта келіп: «Біразыңыз еріктілер қатарында болдыңыздар. Бұл игі істі ары қарай да жалғастыра беретіндеріңізге сенімдімін! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда өткен Құрылтайда өскелең ұрпақ өткеннің тәжірибесі мен болашақтың көкжиегін ұштастыра отырып, ұлттық рухты жаңғыртып жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекеттің міндеті – осы оң серпінді сақтап қалу және оны еселеп арттыру» - деді өз сөзінде.
Астана қаласында өткен халықаралық форуда Мемлекет басшысы еріктілердің жанын жадырататын, жастарды шабыттандыратын рухты сөздер айтты. Сондай-ақ Астана қаласының дамуы мен қаланың гүлденіп-көркеюі үшін белсенді қызмет етіп жатқан ерікті жастардың қатары күн сайын артып отырғанын тілге тиек етті. Естеріңізде болса, 2020 жыл – Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланған-ды. Содан бері волонтерлік ұйымдар саны үш есе артқан. Бүгінгі күні еріктілердің саны 200 мыңнан асады. Ал Астанадағы ерікті жастардың ұйымдары бұрынғыдан көп.
Форумда сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев «Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Бүгінгі жиынның мақсаты – халқымыздың болмысымен үндес екені даусыз» - деді. Президенттің сөзінше, елімізде 2021-23 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту жол картасы шеңберінде бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылған, бұл жоба алдағы уақытта жалғасын табуы мүмкін.
Біз форумға қатысқан ерікті жастарды әңгімеге тарттық. Астаналық егіз қыздар Інжу мен Маржан: «Біз еріктілікті бірнеше жыл бұрын бастағанбыз. Біреуге көмектесуден ләззат аламыз. Астанада біз сияқты еріктілер өте көп. Олардың көбі еріктілер ұйымдарында жұмыс жасайды. Біз кез келген шаруаға араласамыз. Оның үстіне, Астана әкімдігі де біз сияқты ерікті жастарға көптеген мүмкіндіктер беріп отыр» - деді.
– Бұған дейін еріктілер қатарында қандай жұмыстар жасадыңыздар?
– Өте көп, оның қайсыбірін айтамыз. Қаладағы қарттардаға көмектесу, балалар үйіне көмектесу сияқты шаруалар біздің күнделікті әдетімізге айналған. Одан бөлек, біз басқа облыстардағы еріктілік жұмыстарға да араласып тұрамыз. Көрші облыстардағы су апаты, короновирус кезінде тұрғындарға азық-түлік жеткізу сияқты жұмыстардың бәріне атсалыстық. Мысалы, қыстың аязды күндері қала тұрғындарына, көше тазалықшыларына тегін шай тарату сияқты акцияларға қатысып, астаналықтарға тегін қызмет көрсетіп тұрамыз. Астананың дамуы үшін біз еріктілер ешқашан аянған емеспіз. Біздің белсенділігімізді Президентіміз Қ.Тоқаев та, қала әкімі Жеңіс Қасымбеков те үнемі жоғары бағалап отырады.
– Халықаралық еріктілер форумынан қандай әсер алдыңыздар?
– «Еріктілік қазақтың қанында бар қасиет» - деді ғой, Мемлекет басшысы. Біз еріктілер осы сөзді бойтұмар етеміз. Шетелден келген қонақтар қазақтардың бойындағы осы қасиетті өте жоғары бағалап жатыр. Өзгеге көмектесуді кейбір елдің жастары қазақ жастарынан үйренетіндерін айтуда. Ерікті ретінде біз де шетелге шығып, басқа елдің тәжірибесін үйренгіміз келеді. Бірақ біреуге тегін көмектесуді қазақтан артық ешбір халық жасай алмайтын шығар деген ойдамыз. Өйткені, бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз ғой.
Дайындаған – Кемел ЖАН