-«Мерейлі отбасы» байқауы – мазмұны мен тәрбиелік жағынан өзгеше іс-шара. Яғни аға буынға «Артымда қандай ұрпақ қалдырамын?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, рухани байытатын шараның мәні тереңде жатыр. Бұл ұлттық байқау - ұрпақтар сабақтастығын жария етіп, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өнеге алатын сайыс болуымен де қоғам алдындағы құндылығы арта түспек. Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Халқымыз қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз, үлкен мән берген. Құрметті байқауға қатысушылар! Сіздерді бүгінгі облыстық кезеңнің финалистері атанып, жеңімпаз болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасы амандығын, татулық пен ауызбіршілік тілеймін!,- деп облыс әкімі жоба қатысушыларына ақжарма лебізін білдірді.
“Мерейлі отбасы” байқауы 2013 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. 10 жыл ішінде ұлттық байқаудың кезеңдеріне 2000-нан аса отбасы қатысқан. Байқауға түрлі отбасылар, оның ішінде көпбалалы, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек және шығармашылық әулеттер қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені (1 000 000 миллион теңге) Казталов ауландық Ниетқабыловтар отбасы қанжығасына байлады. Қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде Ниетқабыловтар отбасы өңір намысын қорғайды.