Кеше Орал қаласында кезекті рет “Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі” өтті. “Аманат” партиясы жанындағы “Жастар рухы” ЖҚ БҚОФ және Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты - жұмыс беруші мекемелердің һздеріне қажетті мамандарды таңдауларына, жұмыс іздеушілердің жұмысқа орналасуларына, сұхбаттасып, жүздесулеріне ықпал жасау. Бос орындар жәрмеңкесіне 15-ке жуық мемлекеттік мекеме және 40-тың үстінде кәсіпорындар, яғни барлығы 55-ке жуық мекеме-ұйымдар қатысып, жастарға 300-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар, жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бағытында көптеген консультациялар беріледі. Бұл шараны жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір деуге толық болады. Мұндай шаралардың жемісін көріп, жұмыс тапқан, мамандық алған адамдардың қарасы да едәуір көп.
“Аманат” партиясы жанындағы “Жастар рухы” ЖҚ БҚОФ төрағасы Архат Исламғали:
-Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңке дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Жәрмеңке – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы ең оңтайлы платформа. Себебі, өзінің іздеген, қолынан келетін мамандығын тапқан тұрғын бірден жұмыс берушіге түйіндемесін қалдырып, лайықты жұмысқа орналасуына мүмкіндік болады. Тап қазірге дейін мыңға тарта жас осы жерге жұмыс іздеп келді. Олардың арасында жаңадан диплом алған жастар, NEET санатындағы азаматтар бар. Жергілікті жұмыспен қамту бөлімінің мамандары жастарға арналған 2,5 пайыздық несие беру, «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» және тағы басқа да мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, таныстыруда.
Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев:
-Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, сондай-ақ жұмыс берушілер үшін де маңызды. Түлектер өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алса, біздер олардың іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік аламыз. Осы тектес шаралар арқылы жастарға қажетті ақпараттарын береміз. Жастар жұмыс істеуге деген ынта-ықылас танытса, біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз.