Ақтаудағы дәмханалардың бірінде диванды тазалауға қажетті 14 мың теңге үшін басталған дау үлкен жанжалға ұласып, соңында екі тараптың да үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 2025 жылдың 31 желтоқсанында орын алған. Жәбірленуші бойжеткеннің айтуынша, мекеме иесі мен оның күзетшілері оған күш көрсетіп, көпшіліктің көзінше шашынан сүйреп, соққыға жыққан.
Бойжеткен болған жағдайды былай деп түсіндірді:
«Мен шығынды өтеуден бас тартқан жоқпын, қазір ағаммен хабарласамын, ол келеді де бәрін шешеміз дедім».
Алайда мекеме басшылығы күтуден бас тартып, бойжеткеннің ұялы телефоны мен ноутбугін, тіпті сырт киімі салынған пакеттерін де күшпен тартып алған. Осыдан кейін бойжеткенді заттарынсыз далаға қуып шыққан.
Жәбірленуші өзіне қатысты жасалған іс-әрекеттерді келесідей сипаттады:
«Мені заттарымсыз және сырт киімсіз дәмханадан қуып шықты, сыртта өтіп бара жатқан адамдардан телефон сұрап алдым».
Зардап шегуші бұл әрекеттерді «Өз бетімен билік ету» бабы бойынша тергеуді талап еткенімен, іс тек денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қозғалған. Сондай-ақ мекеме иесі де бойжеткеннің үстінен қарсы арыз түсірген.
Полиция департаменті 2025 жылдың соңында болған бұл қақтығыс кезінде екі тараптың да дене жарақатын алғанын растады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары аяқталып, 2026 жылдың 31 қаңтарында іс материалдары түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.