Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты Тлеужан Кішкенебаев әлеуметтік желідегі парақшасында сот үкіміне қатысты пікір білдіріп, қорғаушы тараптың бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Адвокаттың айтуынша, сот үкімімен Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Қорғаушы тарап Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша айыпталған актердің заңсыз сотталғанын және істің жан-жақты әрі объективті түрде зерттелмегенін алға тартуда.
«Сот үкіміне сәйкес, Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша айыпталған Нұрсұлтан Жақсыгенді заңсыз сотталған деп санаймыз. Іс жан-жақты әрі объективті түрде зерттелмеген. Атап айтқанда, Жақсыгеннің күнәлі немесе күнәсіз екенін анықтауға мүмкіндік беретін тиісті сараптама тағайындалмаған», — деді адвокат Тлеужан Кішкенебаев.
Сондай-ақ қорғаушы тарап алдағы уақытта бұл шешімді қайта қарау үшін жоғары инстанцияға шағым түсіретіндерін жеткізді.
«Осыған байланысты алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіріп, сот үкімін қайта қарауды сұраймыз», — деп толықтырды ол.