Қазақстандық шоу-бизнесте «О, махаббат» әніне байланысты дау өршіп тұр. Қазақстандық өнерпаз Самат Жанғазин эстрада жұлдызы Қайрат Нұртасты өзінің авторлық әнін заңсыз орындады деп көпшілік алдында айыптады. Бұл туралы ALASH.KZ Tengri Life-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Не болды?
Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода Самат Жанғазин «О, махаббат» әнінің орындаушысы әрі заңды құқық иесі екенін мәлімдеген.
Әннің композиторы — Дәурен Шәріп. Саматтың айтуынша, олар бұл трекпен биылғы қаңтар айынан бері бірге жұмыс істеп, шамамен бір ай бұрын ресми түрде жарыққа шығарған — интернетке, радиоға және басқа платформаларға.
Мен — осы әннің орындаушысы әрі құқық иесімін. Композитор — Дәурен Шәріп. Қаңтардан бері күн-түн демей еңбек еттік. Шамамен бір ай бұрын ресми түрде шығардық. Содан кейін маған адамдар Қайрат Нұртастың біздің әнімізді орындап жүрген видеосын жібере бастады. Шок болдым», — дейді Самат.
Оның айтуынша, ән 4 наурызда «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау ұйымында ресми тіркелген.
«Мен түсінбеймін, бізде авторлық құқық жұмыс істей ме өзі? Біреудің әнін өзінікі сияқты алып орындауға бола ма? Маған ешкім хабарласқан да жоқ. Мен өзім Instagram-ға видеоүндеу жарияладым, Қайрат көрсін деп. Содан кейін ғана stories-імді көріп, маған хабарласты», — деді ол.
Егер құқықтары ескерілмесе, Самат Жанғазин сотқа жүгінуге дайын екенін айтты. Қоғамда бұл оқиға кеңінен талқыланып жатыр.