Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Имамдарды жауапқа тарту дұрыс шешім емес". Дінтанушы мұсылманша неке қиюға қатысты пікір білдірді

14:57, 19 сәуір 2024 518

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы "мұсылманша неке қию" мәселесіне байланысты ойын ортаға салыпты өз парақшасында.

Оның сөзінше, заңды некеге тұрмаған жас-жұбайлардың діни некесіне шектеу қою әрі осы үшін діни қызметкерлерді жауапқа тарту - орынсыз дүние.

"Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, діни некенің заң тұрғысынан ешбір салмағының жоқтығы бәрімізге белгілі жайт. Діни неке – сәбиге ат қою, жаназа шығару сияқты бар болғаны дәстүрлі құндылық, рухани жауапкершілік, діни рәсім. Ол әр адамның сенім мәселесі. Ал енді құқықтық тұрғыдан еш салмағы жоқ рухани құндылыққа қандайда бір шектеу қою, діни қызметкерлерді ол үшін жауапқа тарту ата-заңда қорғалған кісінің наным-сеніміне қысым жасауға жатады.

АХАЖ-ға тіркелмес бұрын діни неке қиюға шектеу қою қисынсыз. Егер бұл рухани құндылыққа әлгіндей шектеу мен талап қоятын болсақ, онда АХАЖ-ға тіркелмес бұрын келін түсіру, беташар жасау, үлкендердің бата беру сияқты әрекеттеріне де, бүгінде кең етек алып бара жатқан азаматтық некеге де шектеу қойып, жауапқа тартуымыз керек болады", - дейді дінтанушы.

Айтуынша, мұнда бастысы шаңырақ көтеруге бел буған жұптардың неке жасы және өзіндік қалауы ескерілуі шарт.

"Мәселе некені қиюда емес, діни некеге ниетті  кісілердің заңда көрсетілген жасқа жетіп-жетпегені, өз еркімен қидырып-қидырмағаны болуға тиіс. Сондай-ақ жауапкершілік те өздерімен ғана шектелуі керек.

Түрлі теріс ағамдырдың қате әрекеттерін реттеу үшін діни құндылықтарға әлгіндей қисынсыз талап қою яки имамдарды сол үшін жауапқа тарту дұрыс шешім емес. Шын мәнінде діни некені қидырамын деген кісі қажет болса, оны имамдарсыз-ақ жасай береді. Қырғызстан секілді жақын шетелге асып, яки сол жақтан біреуді шақыртып та қидыра салады", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, күні кеше 2022 жылы 17 қазанда экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған  республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге қатысты тәртіптік шара қолданылғаны хабарланған болатын. Бұл туралы мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар