Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Халықтың мұңын, сын-ескертпесін тыңдамайтын билік апат кезінде «Біз біргеміз!» деп ұрандатып, патриот бола қалады" - эколог

09:07, 03 сәуір 2024 956

Биылғы қарғын судың қарқыны қатты болып, ел әуре-cарсаңға түсіп жатыр. Дегенмен бұл қазақ даласында көлкіп, елдің берекесін алған алғашқы қар суы емес. Биыл да болған жағдайдың кесірінен халық дүрбелеңге түсті. Өзі әрең жан сауғаласа, жиған-терген дүниесі, мал-мүлкі сумен бірге ақты. Проблеманың нақты себептері мен салғырттық салдарын нақтылау мақсатында біз Alash.KZ ұлттық порталы атынан эколог маман Гүзел Құлжабаевамен сұхбат құрдық.  

- Армысыз, Гүзел ханым. Баршамызға белгілі, жыл сайын көктемде Қазақстанның басым бөлігін су басады. Бұған төтенше жағдай деп қарауымыз орынды ма? Қалай ойлайсыз?

– Бұл енді 30 жыл бойы қайталанып келе жатқан «хронический» кеселеге айналды. Көктемде су басады, жазда су жетпейді, қыста қар басып қалады. Қателіктің ең жаманы – бір қателікке қайта-қайта ұрыну, одан сабақ алмау.
Төтенше жағдай дегеніміз адам себебін адам болжай алмайтын күтпеген оқиғалар мен жағдайларды, техногендік апаттарды айтуға болады. Мысалы зілзала, кейбір өрт себептерін анықтай алмаймыз. Ал енді түскен қардың көлемі мен ауа райы болжамын бақылып біліп отырып, қауіп-қатерге жол беру осы салаға жауапты мемлекетік органдар мен жауапты тұлғалардың кінәсі.  Үкімет, шенеуніктер тағын ғана ойламай, бір күндік мақсатпен шешім қабылдамай, елдің алдағы 10, 20, 30, 40, 50 жылдық болашағына бағытталған шешімдер қабылдауға міндетті. Баяғы Қызылағаш оқиғасынан кейін-ақ біршама шаралар жасауға болар еді.

– Елге қатер төндіріп, барынан айыратын мұндай “пәлекеттерге” селқостықпен қарау себебіміз неде деп ойлайсыз?

– Былтыр ғана «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компанияға осы тасқынның космониторингін жасап, бақылау үшін бір жарым млрд тенге бюджеттен қаражат бөлінген. 10-ақпанда Үкімет Мәжілісте су тасқынына сақадай саймыз деп «публично» есеп берген. Енді бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің «Вода пришла, откуда не ждали» - деп айтуы масқара жағдай емес пе! Сонда олар тасқын суды қайдан күтті екен, марстан күтті ме деген ой туады. Су ресурстары және ирригация министрлігін жаңадан жеке құрған кезде, еліміздегі су саясатына жауап береді деп жасақтаған. Енді олар да: бізге тек өзен-көлдер қарайды, ол жерлерде тасқын басталған жоқ – деп бастарын ала қашты. Негізі су саясаты дегеніміз – жаңбырға да, қарға да, қар суына да жауапты деген сөзді білдіреді. Бұл деген нені білдіреді, бұл – шенеуніктеріміздің кәсіби маман еместігін, олардың сөзіне халық сеніп қалмауы керек дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес ел азаматтарының құқықтарын қорғауы, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз етуі керек, Үкіметке қатысты тиісті шараларды қабылдауы тиіс, Үкіметтегі жемқорлықты ауыздықтауға және Үкіметті өтірік ақпарат бергені үшін жауапкершілікке тартуға міндетті деп ойлаймын. Елде жемқорлықпен нағыз күрес болмай, Үкіметтегі жемқорлық ауыздықталмай, шенеуніктер жауапкершілікке тартылмай, ештеңе де жақсы тұсқа өзгермейді.

– Табиғаттың тосын мінезі апатқа ұрындырарын біле тұра селқостық таныту әрі барлық кінәні табиғатқа телу үйреншікті ақталу болып кеткен жоқ па?

– Көктемде қардың еруі табиғи құбылыс. Қар жамылғысы, ауа-райы, төтенше жағдайлар қаупі бойынша мониторинг үздіксіз жүргізіледі және ақпарат ашық түрде Казгидромет сайтында жарияланады. Енді Президент «Су тасқыны қаупін төмендетудің жаңа жол картасын реттеу керек» - деп тапсырма беріп жатыр. Оған тағы да Қазақстан Ғарыш сапарына бірнеше млн, млрд қаржы бөлінеді. Көп шығын шығармай ҚазГидрометтің «Карта предупреждений» деген дүниесімен интеграция жасай салу қажет.

Үкіметтің қолында сараптамалық ақпараттар бар. Олар сол бойынша әкімдерге дұрыс тапсырма беріп, оның дұрыс орындалуын қадағалуы керек еді. Халық пен билік тұрмақ, үкімет пен әкімдердің арасындағы жұмыс, байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Әкімшіліктер үкіметке нақты мәлімет беріп, үкімет әкімдерге нақты шешімдер беріп келісімді жұмыс жасауы қажет еді.

Климат өзгеріп, ауа райы мерзімдері ауысып жатыр. Қыс кеш түсіп, көктем ұзаққа созылуда. Бұрын қар тоқтатуға көптеп ағаш егетін еді. Олар қарды бірден еріп кетуден сақтайтын. Ашық даламен салыстырғанда ағашты жердің қары баяу ериді. Тау бөктерлерінде үйлер салып, құрылыстар кесірінен топырақ қыртыстары бұзылып жатыр.

Нағыз тасқын әлі сәуір айында болады деп болжануда. Шығыс Қазақстан жақта 2-2,5 метр қар жауды. Олар енді-енді қозғала бастайды. Ресейден ағып келетін сулар бар. Сай саламыз дайын емес. Жердің бәрі жеке меншікке өткен соң, бұрынғы су арналары бұзылды. Сақталғанына жөндеу жұмыстары жасалмады. Су қоймалары, стратегиялық маңызы бар объектілер жекенің меншігіне өтіп кетті. Дала тұрмақ қалаларды су ала бастады. Мысалы Астанадаға Талдыкөлді көміп тастады. Енді бұрын сол жерге құятын су қалаға жайылмағанда қайда барады?

Мұндай жағдайда кімге кінә артамыз? Кінәлі халық па, үкімет пе? Жергілікті әкімдердің табиғат сырын жыға танымауы бұған себеп пе әлде?

– Бұл жағдайға халықтың еш кінәсі жоқ. Әншейінде халықтың мұң-мұқтажын, сын-ескертпе ұсыныстарын тыңдамайтын билік, елімізде осындай апатты жағдайлар туындағанда, «Біз біргеміз!» «Күшіміз бірлікте!» деп халықтан көмек сұрап, жылу жинап, ұрандатып патриот бола қалады. Мұндайды тоқтатып билік жауапкершілікті де, шығандарды да өз мойнына алуы қажет.
Қосымша айтарым, әлемде түрлі оқиғалар болып жатқанда Қазақстан бірінші болып көмек қолын созып жатады. Бірақ біздің басымызға күн туғанда сырт елдерден келіп жатсқан көмек пен жанашырлықты байқамадық. Қысқасы ойланатын және ойландыратын нәрсе көп.  

Сұхбаттасқан: Дастан Қастай

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар