Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Тоқаев: «Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды.
Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек.
Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары,
оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын.
Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деді.