Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұйықтай алмадым". Оралда тәшкенттік аспаз күніне 500 адамға палау пісіріп жүр

15:24, 19 сәуір 2024 971

Өзбекстандық азамат Оралға келіп, еріктілерге палау пісіріп жүр, - деп хабарлайды alash.kz сайты Massaget.kz сілтеп.

Ташкент қаласынан өзбек елінің сәлемін алып келген Әли Батырұлы қазір Орал қаласында тасқынға тосқауыл болып, жұмыс істеп жатқан еріктілерге палау пісіріп таратып жүр. 

Әли Батырұлының Орал қаласына келгеніне бірнеше күн болған. Содан бері күніне 500 адамға палау пісіріп жүр.

"Теледидардағы жаңалықтардан қазақ бауырларымның басына сынақ түскенін естігенде ұйықтай алмадым. Ораза айт біткен соң, Қазақстанға билет алып, Орал қаласына келдім. Бұл жерде Мақсат Сқақов деген таныс досым бар еді. Сол маған жол көрсетті. Қазақ бауырларымды қатты жақсы көремін. Өйткені мен де осы елдің дәм-тұзын таттым.

Әкем Батыр Норбаев деген профессор Шымкент қаласындағы қазақ-өзбек университетінде сабақ берді. Мен де 9-сыныпты Шымкентте оқыдым. Бұл жерден көп нәрсені үйрендім. Жалпы тіліміз, дініміз бауырлас ұлт болғаннан кейін осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Менің қолымнан келетіні - дәмді етіп, ыстық палау пісіру. Бұл да топан сумен алысып жатқан жұмысшыларға күш-қуат береді. Сондықтан қолымнан келген көмегімді көрсетейін, қиналып қалған бауырларымның қасында болайын деп осында келдім", - дейді Әли Батырұлы.

Әли Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында тұрады. Ол  - отбасындағы алты баланың кенжесі. Мамандығы – аспаз. Бүгіндері өзі де үш баланың әкесі атанған. Ташкент қаласында "Шеф-Әли-Өзбек" атты өзінің жеке мейрамханасы бар. Өткен жылы Түркияда болған зілзала кезінде де түрік бауырларға палау пісіріп, қызмет істеген. Қай кезде де қолынан келген көмегін ұсынуды өзінің азаматтық парызы санайды екен.

"Бүгін сіздің елге келген қиындық, ертең біздің елге келуі мүмкін. Сондықтан мұндай сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылдық танытуымыз қажет. Әкем осы елде еңбек еткеннен кейін, өзім де осы жерде көп нәрсені үйренгендіктен қазақ еліне қарыздармын деп есептеймін. Осындай сын сағаттарда өзбек халқының атынан бауырларыма қызмет көрсетейін деп келдім. Қазір уақытпен санаспай қазанымызды көтеріп, палау дайындап беріп жатырмыз. Алла қазақ еліне сабыр берсін. Кеткен шығынның  орны толып, ең бастысы ел аман болсын" - дейді Әли Батырұлы.

Орал қаласына алғаш рет табан тіреген Әли Батырұлы қаланың таза ауасы ерекше ұнағанын айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар