Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ұстаздарды қорғайтын жаңа заң”: Сүйінші! Аймағамбетов ел асыға күткен қуанышты жаңалығын жария етті

10:44, 05 қазан 2025 184

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, Оқу-ағарту министрлігінің экс-тізгіншісі Асхат Аймағамбетов ұстаздар мерекесі қарсаңында, қуанышты жаңалығымен бөлісті, деп жазады Alash.kz.

Ел арасында “ұстаздардың қорғаны” атанып кеткен депутат ақжолтай жаңалықты Instagram парақшасында жария етті. 

Бұл мерекеде жылы лебіз ғана емес, ұстаздарды қорғайтын жаңа заңды да дайындап қойдық.

Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Мемлекет басшысы тағы да баса айтты.

Біз, депутаттар, «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдадық.

Мұғалімдер үшін қандай өзгерістер бар

Есеппен күрес

Қайталанатын есепке тоқтау қойылады. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру қажет. Сонымен қатар “Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді” қағидасы енгізіледі. Яғни Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland жүйелерінің біреуіне енгізілген дерек басқа платформаларда қайталанбауы тиіс.

Instagram / Facebook – тек қалауымен

Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – ерікке байланысты дүние. Чаттар мен хабарламалар тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада болуы керек. Мұғалім тәулік бойы чатта отыратын модератор емес.

Жауапкершіліктің айқын шегі

Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Бұған қоса, “Мұғалімге тән емес функциялар” деген ұғым заңда алғаш рет айқын жазылды. Енді педагог заңмен және еңбек келісімшартында көрсетілмеген жұмысқа тартылмайды.

Мектеп – ата-ана келісімі

Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар жауапкершілік мұғалімге ғана артылмауы тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімді қатаң ұстануға міндетті болады.

Шынайы қорғаныс

Педагог мәртебесін бұзғаны үшін айыппұлдар айтарлықтай өседі. Сонымен қатар заңға мұғалімге психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық жасауға жол берілмейтіні туралы норма енгізілді.

Біз, депутаттар, өз қадамымызды жасадық. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен педагогтердің ұсыныстары негізінде арнайы түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз.

Бұл бастаманы қолдасаңыздар – бөлісіңіздер.

Кәсіби мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер!

Сіздерге зор денсаулық, бейбіт аспан, кәсіби табыс және шәкірттердің алғысын тілеймін.

Құттықтаймыз. Қорғаймыз. Заңмен бекітеміз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар