Қазақстанда Мұғалімдер күні қарсаңында педагогтерді қолдау, мерекелік сыйақылар мен үстемеақылар төлеу мәселесі өңірлерде әртүрлі сипатта жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстанның білім беру саласында бүгінде 600 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Олардың басым бөлігі, яғни 420 мыңға жуығы мектептерде, 100 мыңнан астамы балабақшаларда, ал 43 мыңы колледждерде еңбек етуде. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2020 жылдан бері мұғалімдердің еңбекақысы екі есе өскен. Жалақыдан бөлек, ұстаздардың еңбек өтіліне, біліктілік санатына, жұмыс жағдайына және кәсіби жетістіктеріне қарай түрлі үстемеақылар мен ақшалай сыйақылар қарастырылған. Мәселен, ауылдық жердегі педагогтердің жалақысы қаладағы әріптестерімен салыстырғанда кемінде 25 пайызға жоғары.
Сондай-ақ халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге арнайы төлем берілсе, «Үздік педагог» атанған 10 маманға жыл сайын 300 АЕК көлемінде сыйақы төленеді. Ұстаздардың қоғамдық мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік наградалар да беріліп келеді. Қазіргі таңда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын 103 педагог иеленген.
Мұғалімдер күні қарсаңында өңірлердегі қолдау шаралары да әртүрлі сипатқа ие. Ақтөбе облысында «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» (3 адам), «Ақтөбе облысының үздік педагогы» (5 адам) және арнайы байқаудың 10 жеңімпазын марапаттау үшін бюджеттен 27,68 млн теңге бөлінген. Десе де, барлық мұғалімге жаппай сыйақы беру көзделмеген. Дәл осындай жағдай Жетісу облысында да байқалады. Мұнда бюджеттің дотациялық сипатына байланысты жаппай төлем жоқ, бірақ «Жетісу ұстазы», «Үздік балабақша», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік ауыл мектебі» байқауларының жеңімпаздарына 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі.
Қызылорда облысында 600-ге жуық педагогке Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар табысталып, кәсіби байқауларда озық шыққан 32 ұстаз бен 33 номинация иегеріне «Сарағаш» шипажайына тегін жолдама беріледі. Ал Астана, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы қалаларында мұғалімдерге сыйақы төлеу жергілікті бюджеттен орталықтандырылған түрде жүргізілмейді. Бұл өңірлерде төлемдер білім беру ұйымдарындағы бюджет қаражатының үнемделуіне байланысты әр мектеп немесе колледж деңгейінде жеке шешіледі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шымкент және Ұлытау өңірлерінде мерекеге орай үздік ұстаздарға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» сияқты мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ «Мағжан Жұмабаев» немесе «Педагогтің адал еңбегі үшін» сияқты жергілікті ерекшелік белгілері мен ақшалай сертификаттар табысталады. Керісінше, Абай облысында мерекелік ақшалай ынталандыруға жергілікті бюджеттен қаржы көзделмеген.
Міндетті қолдау шаралары тек мерекелік төлемдермен шектелмейді. 2025-2026 оқу жылында саланы 10 мыңнан астам жас маман толықтырса, оның 2 мыңнан астамы — «Алтын белгі» иегерлері. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің стипендиясы 84 мың теңгеге жетті. Бұдан бөлек, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасымен 983 педагог кадрлық резервке енді. Ал біліктілікті арттыру бойынша 2026 жылы 62 273 педагогті оқыту жоспарланып, қазірдің өзінде 49 858 мұғалім курстан өтті. Сонымен қатар 340 мыңнан астам ұстаз жасанды интеллектіні қолдану бағытында білімін жетілдірді.