Танымал эстрада жұлдызы, Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай сайлауына түскелі отырған Аша Матай көпшілікке ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі кандидаттарды тіркеу кезеңіндегі заңды үнсіздіктен кейін сайлауалды үгіт-насихат науқанының ресми басталғанын мәлімдеп, әлеуметтік желідегі оқырмандарымен еркін пікір алмасуға дайын екенін жеткізді.
Көпшілік менің осы уақытқа дейін неге ашық сөйлемегенімді түсінбеген болар..
Себебі заң бәріне бірдей. Ұлттық құрылтай депутаттығына кандидаттар тіркеліп жатқан кезеңде сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге болмайды…
2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ге дейін кандидаттарды қолдауға немесе қолдамауға шақыратын үндеулер жасауға, өз кандидатураңды насихаттайтын материалдар жариялауға, сайлаушыларды белгілі бір таңдау жасауға үгіттеуге заңмен тыйым салынады. Мұндай талаптарды бұзу заңда көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін, соның ішінде кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуіне қатысты салдар туындауы ықтимал.
Сондықтан мен заң талаптарын құрметтеп, үнсіздікті таңдадым...
Ал 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ден кейін сайлауалды үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталады. Ол 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – «тыныштық күні». Бұл күні және 23 тамыз – сайлау күні қандай да бір үгіт-насихат жүргізуге заңмен тыйым салынады.
Енді мен өз ойымды ашық айтып, көкейімде жүрген мәселелерді сіздермен еркін бөлісе аламын!