Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлытау облысында балаларын құлдықта ұстаған әйел қамауға алынды

03:08, 19 ақпан 2024 244
Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкіл Динара Закиева Іnstagram парақшасында мәлімдеді.
“Кеше  атқарылған жұмыс кезінде Ұлытау облысында балаларды құл қылған әйел ұсталып, тергеу изоляторына қамалды”, – деп жазды омбудсмен.

Динара Закиева ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршы өкілдерден құралған мобильдік топ бір отбасының үш баласын – бір қыз бен екі ұлды тапқанын айтқан еді. Оларды өгей ана балалар үйінен 2018 жылы асырап алған. Ол кезде балалар 14, 12, 8 жасар болған.

Үлкендеріне қаладан 20 шақырым жердегі фермада мал бақтырған. Омбудсменнің сөзінше, комиссия мүшелері фермаға келіп, балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп шошыған. Олардың денесі көгеріп, тілінген, азып-тозып, шаршаған, аш, көз жанары солған, кір-қожалақ, киімдері жыртық.

Тексеру барысында ұлытаулықтың 3 бала үшін жәрдемақы алып келгені де анықталды.
"Балалардың үлкені – қыз, колледжді тәмамдаған, алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде "оқиды". Құқық қорғау органдары білім мекемесін тексерсе, ата-анасы үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтама беріп отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан", – деп жазды Закиева.

Бұл тексеруге Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ атсалысқан. Іс барысында қамқоршының жақында тағы да "патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма?" деп сұрастырғаны анықталды.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір ІІМ, Прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрылғанын мәлімдеді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар