Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты кезекті сот отырысындағы үзіліс кезінде марқұмның анасы шыдай алмай, айыпталушы Шерхан Аймаханның туыстарына қарғыс айтып, ауыр сөздер жаудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл күні сотта бойжеткеннің Аймахандар отбасының үйіне қалай тап болған мән-жайы қайтадан қаралды. Айыпталушы тарап марқұм оған өз ырқымен келді деген уәждерін алға тартуын тоқтатпады. Алайда бойжеткеннің жақындары мұны түбегейлі теріске шығарып, Нұрайды көлікке күштеп отырғызып, еркінен тыс алып кеткенін және тұрмысқа шығуға мәжбүрлегісі келгенін мәлімдеді.
Қорғаушы тарап өкілін жауаптау кезінде марқұмның адвокаты Аянхан Умаров оған бір сұрақты бірнеше рет қойды. Егер Нұрай өз ырқымен келген болса, неліктен одан некеге келісімі туралы қолхат талап етілген? Куәгер мұны «солай тиіс» болғандықтан жасалғанын айтты. Осы сөздерді, яғни қызының тұрмысқа шығуға келіскені туралы сөздерді естіген сәтте Нұрайдың анасының денсаулығы сыр беріп, сот залында-ақ көз жасына ерік берді.
Сотта үзіліс жарияланып, қатысушылар баспалдақпен төмен түсіп бара жатқанда, марқұмның анасы егіліп жылауын тоқтата алмады. Жақындары оны сыртқа алып шығуға тырысқанымен, ол айыпталушының анасына қарата:
«Арсыздар! Оңбағандар! Өліп кетіңдер! Мен сияқты сендер де балаларыңды өз қолдарыңмен жерлеңдер. Бірінен соң бірін! Менің алтын қызымды өлтірді. Сен білдің ұлыңның қандай екенін! Ал енді түрмеден қашып құтылғыларың келеді. Бәрін сатып алғансыңдар!», – деп айқайлады.
Сондай-ақ марқұмның анасы Шерханның отбасы ұлының мінез-құлқы туралы біле тұра, оны тоқтату үшін ештеңе жасамады деп айыптады.
Ол сөзін жалғастырып:
«Саған қарғыс атсын! Естіп тұрсың ба? Балаңның психикалық ауытқуы бар екенін біле тұра, оны менің қызыма қосқың келді. Менің қызым оған тең емес еді. Түрмеде шірісін!», – деп өкінішін білдірді.
Осы сәтте марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай анасын сабырға шақырып, ғимараттан алып шығуға тырысқанымен, анасы қарсыласып, сөзін тоқтатпады.