Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін өтеп жүрген 20 жастағы Қазбек Оспановтың қазасына қатысты туыстары ресми нұсқамен келіспей отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Әскери ведомство сарбаз өз-өзіне оқ атты деген ақпарат таратқанымен, жәбірленуші тарап оқиғаның астарында бопсалау мен қысым болуы мүмкін деп есептейді. Қызметінің аяқталуына небәрі үш ай қалған сарбаздың мәйіті туған жері Түркістан облысына жеткізілді.
Марқұмның анасының айтуынша, ұлы әскерде жүргенде таныстары мен достарынан жиі ақша сұрап хабарласқан. Майра Оспанова баласының денсаулығында ақау болғанына қарамастан, әскерге жұмыс орнынан мәжбүрлі түрде алып кеткенін айтып, ұлының өліміне командирлердің қатысы болуы мүмкін деген күдігін білдірді. Сонымен қатар, туыстары оқиға орнындағы бейнебақылау камераларында оқ атылған сәттің жоқтығын және сараптама құжаттарының ресми мөрмен бекітілмегенін алға тартуда.
«Ол сыныптастарынан, бұрын бірге жұмыс істеген адамдардан ақша сұрады. Маған ештеңе айтпады, мені ойлаған ғой. Күн сайын қоңырау шалып: «Ақша берші, ақша берші» дейтін. Ұлым қысым көрген. Өйткені өзі әлі жас еді», - деп мәлімдеді марқұмның анасы Майра Оспанова.
Қазіргі таңда Оспановтар отбасы құзырлы органдардан істің әділ әрі ашық тергелуін талап етіп отыр.