Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық статистика бюросы: Қазақстанда жылдық инфляция 11,7%-ға дейін баяулады

03:12, 03 наурыз 2026

2026 жылғы ақпанда Қазақстандағы инфляцияның айлық деңгейі 1,1% болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ҰСБ-ға сілтеме беріп.

Ай ішінде азық-түлік тауарлары 1,3%, ақылы қызметтер 1%, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,9% қымбаттаған.

Азық-түлік бағасы қалай өзгерді?

Ақпан айында қияр 3,9%, басты пияз 3,2%, апельсин 0,9%, тауық еті 0,6% қымбаттаған. Ал сүйексіз сиыр еті 0,2% арзандады.

Ең жоғары өсім консервіленген жүгері (8,6%) мен минералды суда (6,8%) тіркелді.

Жылдық есепте көк шөптер (көк пияз, аскөк, ақжелкен) 7,6%, кәді 6,2%, күріш 4,3%, қырыққабат 1,5% арзандаған.

Ал мейіз 8,8%, тәтті печенье 8,5%, бал 7,2%, құрма 5,8% қымбаттады.

Тұрмыстық тауарлар мен техника

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде кір жуатын машиналар 7,4%, стерильді таңғыштар 3,8%, электр шайнектер 2,6% өсті. Смартфондар бағасы 1,7% төмендеген.

Сонымен қатар үтіктеуге арналған тақтай 12,4%, стакандар жиынтығы 8,9%, кір жуу ұнтағы 1,5% қымбаттаған.

2025 жылғы ақпанмен салыстырғанда душ гелі 15%, цемент 11,2%, жуу және тазалау құралдары 9,3%, түсқағаз желімі 5,7% өскен.

Қызмет көрсету саласы

Ақпан айында кинотеатр қызметтері 2,2%, фотограф қызметі 0,5% қымбаттаған.

Жылдық мәнде киім тазалау 14,5%, косметолог қызметтері 12,7%, жаттығу залдары абонементі 10,1% өскен.

Жалпы көрсеткіш

2026 жылғы ақпанда жылдық инфляция 11,7% болды. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 12,7%, азық-түлік емес тауарлар 11,6%, ал ақылы қызметтер 10,8% қымбаттаған.

Айта кетейік, тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеледі және 537 түрлі тауар мен қызмет түрін қамтиды. Инфляция динамикасын 2018 жылдан бастап арнайы интерактивті дашборд арқылы көруге болады.

2026 жылғы қаңтардан бастап есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлік емес тауарлар 28,4%, ал ақылы қызметтер 30,5% құрады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар