Белгілі саясаткер, Сенаттың соңғы Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір палаталы жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәулен Сағатханұлы жаңа Конституцияға сәйкес жұмысын бастаған бұл құрылым мемлекетіміздің даму жолындағы саяси жаңғырудың жаңа белесін айқындайтынын жеткізді.
Бүгін еліміздің саяси өмірінде, жалпы мемлекетіміздің даму жолында жаңа кезең басталды. Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылып, жаңа Конституцияға сәйкес бір палаталы заң шығарушы орган ресми түрде жұмысына кірісті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихи жиында сөз сөйлеп, Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды айқындап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – ұлт жылнамасының жаңа парағын ашатын, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға тың серпін беретін маңызды оқиға.
Жалпы, Құрылтай ел тарихындағы тағдыршешті кезеңдерде халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырған және мемлекеттіліктің маңызды мәселелерін шешуге ықпал еткен іргелі институт болды. Бүгінгі Құрылтай – сол тарихи сабақтастықты сақтай отырып, ұлттық саяси дәстүрімізді заманауи мемлекеттік басқару жүйесімен ұштастыруды көздейтін жоғары өкілді орган.
Мемлекет басшысы айтқандай, қазір қоғам кемелденіп, азаматтардың саяси үдерістерге қатысу белсенділігі артып келеді. Сондықтан Құрылтай депутаттарына жүктелер талап пен жауапкершілік те айрықша. Осы орайда халықтың аманатына адалдық, ұлттық мүддеге қызмет ету және заң шығару ісінің сапасын арттыру жаңа Құрылтай қызметінің басты қағидаттары болады деп сенеміз.
Бүгін Мемлекет басшысы заңдар әділетті, халыққа түсінікті әрі заман талабына сай болуы қажет екеніне баса мән берді. Жаңа Конституцияның нормаларын заңнамаға толық енгізу, заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету алдағы негізгі міндеттердің бірі екені анық.
Бұл ретте жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін заң шығару және сараптама жұмыстарында тиімді пайдалану да аса маңызды. Президентіміздің бастамасымен әзірленіп жатқан «Е-Parliament» жүйесі осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге жол ашатыны сөзсіз.
Сонымен қатар Құрылтайдың алдында елдің орнықты дамуына қажетті бірқатар маңызды заңды қарап, қабылдау міндеті тұр. Осы орайда жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық активтер индустриясы, Digital Qazaqstan стратегиясы, көші-қон саясаты, кітапхана және баспа ісі, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылық, онлайн-платформалар мен масс-медиа салаларына қатысты заңнамалық бастамалар – қоғамның бүгінгі сұранысына ғана емес, келешектегі өзгерістерге де жауап береді деп үміттенеміз.
Мемлекет басшысының әлемдегі ахуалға қатысты айтқан ойлары да ерекше маңызды. Қазіргідей алмағайып уақытта еліміз заман ағымына бейімделіп қана қоймай, ықтимал сын-қатерлерге алдын ала дайын болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны бәсеңдемейтіні және олардың күн тәртібінде қазіргі әрі келешектегі жаһандық сын-қатерлердің ескерілгені стратегиялық мәнге ие.
Жалпы, бүгінгі сессия еліміздегі жүйелі саяси жаңғырудың жаңа белесін бастап берді. Құрылтай енді мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, елді ортақ мақсаттарға ұйыстыратын, заңнаманы заман талабына сай жетілдіретін және реформаларды сапалы жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды институтқа айналады деп сенеміз.
Президентіміз атап өткендей, Құрылтайдың бірінші шақырылымына айрықша тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Халықтың сенімін ақтау, ұлттық мүддені бәрінен биік қою және Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолында табанды еңбек ету – баршамызға ортақ міндет.
Осы жолда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың жұмысына сәттілік тілеймін!
Жаңа саяси кезең еліміздің дамуына серпін беріп, халқымыздың игілігіне қызмет етсін!
Тәуелсіз Қазақ елі өсіп-өркендей берсін!, – деді Мәулен Әшімбаев.