Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық болмысқа қайшы әрекетке тосқауыл қоюымыз қажет»: Ерлан Қарин тойда уағыз айтатындарды сынға алды

13:54, 04 тамыз 2026

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда қызу талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz 

Ол тойда тілек айтып, әйелдерді, әншілерді және музыка өнерін кемсіткен азаматтың видеосын көргенін айтып, мұндай көзқарастың қазақ қоғамының ұлттық таным-түсінігіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады. Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді», – деп жазды Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол көпшілік алдында адамдарды кемсіту, өз көзқарасын өзгелерге күшпен таңуға тырысу әдепке жатпайтынын атап өтті.

«Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деді ол.

Ерлан Қариннің жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, пікір қалдырғандардың басым бөлігі оның ұстанымын қолдады.

Пікірлер арасында: «Өте дұрыс айтасыз», «Толық қолдаймын. Зайырлы қоғамның басты құндылығы – заңға, адамға және мәдениетке деген құрмет», «Өте дұрыс сөз. Өзінің жеке көзқарасын қоғамға күштеп таңғысы келетіндер көбейіп кетті», «Қоғамдық санаға трансформация қажет. Өте дұрыс бастама», «Асыра діншілдікке шектеу қойғандарыңыз дұрыс», – деген ойлар жазылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар