Ресейде мектептегі 9-сынып оқушысының шабуылынан қаза тапқан 10 жастағы Қобилджон Әлиевтің мәйіті Тәжікстанға жеткізілді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Азаттық радиосының мәліметінше, Қобилджон Әлиев 17 желтоқсанда інісі және ағасымен бірге Тәжікстанға қайтпақ болған. Алайда ұшардан бір күн бұрын Мәскеу облысының Одинцово ауданындағы мектептердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің шабуылынан қаза тапты.
Марқұммен қоштасу және жерлеу рәсімі 18 желтоқсан күні Тәжікстанның Шахринав ауданындағы Чептура ауылында өтеді. Ақпаратқа сәйкес, баланың анасы мен жақын туыстары жерлеу рәсіміне қатысу үшін өз елдеріне барған.
Таңертең марқұмның жақындары Душанбе халықаралық әуежайында рейс күткен. Алайда олар журналистерге түсініктеме беруден бас тартты. Шетелден жеткізілген мәйіт қабылданатын аумақта құқық қорғау органдары күшейтілген режимде кезекшілік атқарды.
Журналистерге мәйітті тапсыру сәтін түсіруге рұқсат берілмеген. Кейбір тілшілердің айтуынша, қауіпсіздік қызметі түсірілген кадрларды өшіруді талап еткен.
Ұшақ таңғы сағат 5:30-да қонуы жоспарланғанымен, рейс кешігіп, шамамен таңғы 8-де келетіндігі хабарланған. Кейінірек мәйіттің басқа шығу жолынан әкетілгені белгілі болды.
Отбасы туыстары Қобилджон Әлиевтің мәйіті Шахринав ауданына жол тартқанын растады. Ол үш жыл бұрын сырқаттан көз жұмған, күштік құрылымдарда қызмет еткен әкесінің жанына жерленбек.
Қанды оқиға 16 желтоқсанда болды. Тергеу мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім пышақпен мектепке кіріп, күзетшіні жарақаттап, Кобилджон Әлиевтің бірнеше жеріне пышақ сұққан.
Баланың өлімі Тәжікстан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылды ұлтаралық өшпенділік негізінде жасалған қылмыс деп бағалап, қатаң айыптады.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі ведомство басшысы Рамазон Рахимзоданың Ресейдің ІІМ басшысы Владимир Колокольцевпен сөйлесіп, істі жан-жақты әрі әділ тергеуді талап еткенін мәлімдеді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл Ресейде тәжік балаларына қатысты тіркелген алғашқы қайғылы оқиға емес.