Елімізде бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Alash.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 30 қазанда қол қойды. Жаңа ережелердің бір бөлігі биылғы 18 қарашадан бастап қолданысқа енсе, негізгі бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Ең басты жаңалық — жәрдемақы алатын отбасылардың әл-ауқат деңгейін «Отбасының цифрлық картасы» арқылы ай сайын тексеру тетігі енгізіледі. Егер әлеуметтік төлем алушы отбасы әл-ауқат деңгейі бойынша А немесе В санатына жатқызылса, төлем келесі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады. Ал отбасының мәртебесі С, D немесе Е санатына қайта ауысқан жағдайда, жаңартылған деректер жүйеге түскеннен кейінгі айдың басынан бастап төлем автоматты түрде қайта жанданады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік төлемдерді уақытша тоқтатуға негіз болатын өзге де жағдайлар нақтыланды. Атап айтқанда, алушының банк шотында үш ай немесе одан көп уақыт бойы шығыс операциялары жүргізілмесе, азамат шетелге тұрақты тұруға көшсе, шетелдік азаматтың немесе қандастың құжат мерзімі өтіп кетсе, сондай-ақ тұлға толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі стационарлық мекемеге орналастырылса немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге жіберілсе, төлем тоқтатылады. Көпбалалы отбасыларда балалардың бірі 18 жасқа толғанда жәрдемақы тоқтатылғанымен, ол күндізгі бөлімде оқуын жалғастырса, төлем 23 жасқа дейін қайта тағайындалады. Жалпы алғанда, шектеуге себеп болған жағдайлар жойылған соң, азаматтың құқығы сақталса, қаражат қайта төленеді.
Сонымен қатар жәрдемақы рәсімдеу кезінде өтініш берушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді азаматтар жеке деректерін, соның ішінде банктік құпияға жататын мәліметтерді жинауға және тексеруге, сондай-ақ кредиттік бюродан несие берешегі, ай сайынғы төлемдері мен мерзімі өткен міндеттемелері туралы ақпарат алуға міндетті түрде келісім беруі тиіс. Бұл келісім болмаса, өтініш қабылданбайды.
Азаматтарға қолайлы болу үшін 2026 жылғы 18 қарашадан бастап құжаттардағы қателерді түзетуге немесе жетіспейтін мәліметтерді толықтыруға мүмкіндік беріледі. Бұл мақсатқа мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейтін екі жұмыс күні бөлінеді. Кемшіліктер уақытылы жойылса, өтініштің бастапқы тапсырылған күні сақталады, ал мерзім өтіп кетсе, өтініш кері қайтарылады.
Жаңа тәртіпте ата-аналарға арналған бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, баланың туу туралы куәлігі, оқу орнынан анықтама және банк шоты туралы деректер мемлекеттік цифрлық жүйелерде болса, оларды қағаз түрінде қайта тапсыру талап етілмейді. Сәби дүниеге келген кезде ата-аналар тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала күтімі төлемін бір кешенді мемлекеттік қызмет аясында қатар рәсімдей алады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді, ал асырап алушылар мен қорғаншыларға бөлек шарттар қарастырылған. Көпбалалы отбасы құрамын анықтағанда туған, асырап алынған, қорғаншылықтағы балалармен бірге, екінші ата-анасының отбасында есепте тұрмаған өгей балалар да ескеріледі. Сондай-ақ азаматтарға жәрдемақы алудан өз еркімен бас тарту құқығы берілді, ал кейін қайта жүгінген жағдайда төлем жаңа өтініш тапсырылған күннен бастап тағайындалады.