Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Допинг ережесін екі рет бұзған»: Қазақстандық Зейнеп Оразхан спорттан шеттетілді

09:48, 12 қараша 2026

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Зейнеп Оразхан допингке қарсы ережелерді екі рет бұзғаны үшін үш жыл мерзімге спорттан шеттетіліп, оның әлем чемпионатындағы барлық нәтижелері жойылды, деп хабарлайды Alash.kz.

10 қараша күні Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Бүкіләлемдік аралас жекпе-жек қауымдастығының (GAMMA) атынан жүргізілген істің ресми қорытындысын жариялады. Спортшы тағылған айыптарды мойындап, тағайындалған жазамен келіскендіктен, іс жеке тыңдаусыз реттелді.

Алғашқы заңбұзушылық 2024 жылдың 14 желтоқсанында Индонезияның Тангеранг қаласында өткен әлем чемпионатында тіркелген. Жарыс барысында алынған допинг сынамасынан Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) тарапынан қатаң тыйым салынған мельдоний заты анықталды. Бұл препарат спортшының төзімділігін арттырып, ағзаның қалпына келуін жеделдетуге әсер етеді.

Кейінгі тергеу барысында екінші эпизод та белгілі болды. Зейнеп Оразхан 12 сағат ішінде 100 миллилитрден астам көлемде көктамыр ішіне инфузия жасағанын мойындады, ал бұл әрекет допингке қарсы ережелерде тыйым салынған әдістер қатарына жатады.

Мельдоний анықталған соң спортшы жарыстардан уақытша шеттетілгенімен, ол бұл шектеудің талаптарын бұзған. Сол себепті алдын ала шеттету мерзімі жалпы жаза уақытына есептелмеді. Бастапқыда отандасымызға төрт жылдық дисквалификация қаупі төнген еді, алайда кінәсін уақтылы мойындауына байланысты жаза мерзімі бір жылға қысқартылды.

Шешімге сәйкес, үш жылдық шеттету 2026 жылдың 20 қазанынан басталып, 2029 жылдың 19 қазанына дейін жалғасады. Сонымен қатар ITA спортшының 2024 жылғы әлем чемпионатындағы жеке көрсеткіштерін, медальдарын, ұпайлары мен жүлделерін толық жойып, 2024 жылдың 14 желтоқсанынан бергі барлық жеке жарыс нәтижелерін жарамсыз деп таныды.

Апелляцияға құқығы бар тараптар бұл шешімге қатысты Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағымдана алады. Дегенмен ITA бұл іс бойынша қосымша түсініктеме бермейтінін мәлімдесе, спортшының санкцияларға шағымдану ниеті туралы әзірге ақпарат жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін де қазақстандық спортшылар арасында осындай жағдайлар тіркелген болатын. Атап айтқанда, аралас жекпе-жек шебері Нұрсұлтан Мендібаевтың сынамасынан дростанолон мен мельдоний табылып, алты жылға шеттетілсе, 2025 жылдың мамырында грэпплер Сәрсен Жетібаев болденон препаратына байланысты үш жылдық дисквалификация алған. Сондай-ақ боксшы Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан мельдоний табылған допинг тергеуінің қорытындылары да жарияланған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар