Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Денесінде көгерген іздер болды»: ҚазҰУ-да қаза тапқан студенттің анасы бар шындықты айтты

10:48, 12 қараша 2026

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында көз жұмған 1-курс студентінің анасы қызының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке тіркелді. Сол күні жатақхана бөлмесінен Шымкент қаласынан оқуға келген журналистика факультетінің студенті Жәнел Қарамысованың мәйіті табылған болатын.

Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамы бойынша, бойжеткен суицид жасаған болуы мүмкін. Алайда марқұмның анасы бұл нұсқамен мүлде келіспейді және қызының өліміне әкеп соққан барлық мән-жайдың жан-жақты әрі әділ анықталуын талап етіп отыр.

Әйелдің айтуынша, мәйітті қарау кезінде қыздың денесінен көгерген іздер байқалған. Мәйітхана мамандары мұндай дақтардың бір бөлігі адам қайтыс болғаннан кейін пайда болуы ықтимал екенін түсіндіргенімен, жарақаттардың нақты неден түскені әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тексеру жүргізу үшін марқұмның ұялы телефонын тәркілеп алған.

Сонымен қатар оқиға төңірегінде бір-біріне қайшы келетін түрлі болжамдар тарауда. Мәселен, біреулер бойжеткеннің йод ішіп қойғанын алға тартса, өзге студенттер оны бөлмесінде белдікке асылып қалған күйінде тапқандарын айтқан. Қайғылы жағдайдың алдында ғана Жәнел бөлмелес көршісіне хабарлама жолдап, оның жатақханаға қашан оралатынын сұрағаны белгілі болды.

Полиция департаменті студенттің қазасын растап, аталған дерек бойынша қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады. Марқұмның анасының сөзінше, тағайындалған сараптамалардың нақты қорытындысы шамамен бір айдан кейін белгілі болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар