Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ұрпақтарына қатысты құнды фотосуреттер өңдеуден өтіп, ресми түрде архив қорына қабылданды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Egemen Qazaqstan басылымына жазған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты, Ғ.Мұратбайұлы атындағы республикалық жастар сыйлығының лауреаты Рамазан Әбілдостың материалына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві – еліміздегі аудиовизуалды құжаттарды сақтауға маманданған бірегей мекеме. Архив қорында ел тарихының маңызды кезеңдерін қамтитын 100 мыңнан астам фотосурет, киноқұжат пен дыбыс жазбасы жинақталған.

2-сурет: Әлихан Бөкейхан балалары: ұлы Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан, қызы Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова (оң жақта). Қаңтар, 1930 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24324.
Осы күнге дейін Әлихан Бөкейхан бейнесі таңбаланған 30-дан астам фотосурет ғылыми айналымға енген. Тарихи суреттер әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер мен жинақтарда жарияланып, зерттеушілер тарапынан кеңінен пайдаланылып келеді. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасұлының «Екі томдық шығармалар жинағы» (Алматы, 2003), академик Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасов: Ғұмырнамалық деректі хикаят» (Алматы, 2009) атты зерттеуі, «Алашорда: Фотоальбом» (Алматы, 2017), алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» екі томдық еңбегі (Астана, 2017), «Дінмұхамед Қонаев: Әлихан Бөкейхан – Алты Алаштың пірі, рухани көсемі...» (Нұр-Сұлтан, 2021) және басқа да басылымдар бар. Сонымен қатар соңғы жылдары журналист Серікбол Хасан Карл Булла түсірген бірнеше фотосуретті анықтап, көпшілік назарына ұсынды.

3-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова жұбайы, мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлымен. Орталарында ұлы Ескендір. 1931 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24325.
Ал Әлихан Бөкейхан ұрпақтарының тағдыры да зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Олардың өмір жолы турасында жоғарыда аты аталған еңбектерде мәліметтер беріліп, бірқатар фотосуреті жарияланған. Енді, міне, солардың қатарын оқырман қауым назарына ұсынғалы отырған тың суреттер толықтырып отыр.
Ұлт көсемі мен зайыбы Елена Яковлевна Севостьянованың отбасында Зейнеп (Елизавета) (1903–1971), Өкітай (Сергей) (1905–1957) есімді балалары дүниеге келген.

4-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова – 3-дәрежелі әскери дәрігер.
Солтүстік-Батыс майданы. 1942 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24326.
Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақас келіні – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасұлының (1900–1933) жұбайы. Екінші дүниежүзілік соғысқа әскери дәрігер ретінде қатысқан. Олардың жалғыз ұлы Ескендір (1924–1941) ерте есейіп, Екінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанған. Мәскеу облысы Ново-Петров ауданына қарасты Скирманово ауылы маңындағы шайқастың бірінде хабарсыз кеткен.

5-сурет: Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан – инженер-геолог. Башқұртстан, Ұшалы ауданы, Ұшалы ауылы. 1950 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24327.
Өкітай Әлиханұлы Мәскеу тау-геологиялық институтының геологиялық барлау факультетін тәмамдаған. Оның кәсіби қызметі Жезқазған өңірімен тығыз байланысты. 1929 жылдан тау инженері ретінде еңбек етіп, Жезқазған кен орындарының келешегі жөнінде маңызды ғылыми еңбек жазды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, әкесінен кейін тұтқындалып, Норильскіге жіберілді. Кейін Хакас автономиялық облысының Сорск қаласына қоныстанып, геологиялық барлау экспедициясында бас инженер қызметін атқарды. 1957 жылы желтоқсанда өмірден өтті.

6-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан перзенті Евгениймен бірге. 27 қыркүйек, 1951 жыл.
ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24328.
Тұлға әулетінің ғылыми дәстүрі кейінгі ұрпақтарында да жалғасын тапты. Немересі Евгений Өкітайұлы – техника ғылымдарының кандидаты (1977), шөбересі Петр – заң ғылымдарының кандидаты.
Қайраткердің ұрпақтары бейнеленген 11 фотосурет архив қорына өткен жылдың соңында қабылданды. Тағы бір айта кетерлігі, суреттер түпнұсқа дерек қатарына жатады. Олардың кейбірі бұрын ғылыми айналымға енгенімен, фотосуреттерге қатысты мәліметтер нақтыланып, толықтырылды. Жалпы алғанда, фотоқұжаттардың дені алғаш рет оқырман назарына ұсынылып отыр.

7-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан әріптестерімен бірге. РКФСР, Барнаул қаласы. Қыркүйек, 1954 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24329.
Қорыта келе айтарымыз, тұлғаға қатысты беймәлім фотосуреттерді жинақтап, анықтап, фотоальбом түрінде ғылыми қауымға ұсыну – әлихантану саласының кезек күттірмейтін маңызды міндеттерінің бірі.

8-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (1-қатар, солдан 4-ші) туысы Райымжан Әзиханұлы Бөкейханның (2-қатар, солдан 2-ші) отбасымен бірге.
Солдан оңға қарай: 1-қатар: Гүлжан (Гуля) Райымжанқызы, 1952 ж.т.; жары Хайрия (Галя), 1915 ж.т.; Айжан (Айя) Райымжанқызы, 1946 ж.т. 2-қатар: Нұрым Райымжанұлы, 1940 ж.т.; Райымжан Әзиханұлы Бөкейхан, 1908 ж.т. 10 маусым, 1955 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24330.

9-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (портрет).
1956 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24333.

10-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (сол жақта, үстел басында отыр) әріптестерімен бірге. 1957 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24331.

11-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова – медицина ғылымдарының докторы, профессор. 1969 жыл.
ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24332.