Вьетнамда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақ қызы Әсем Әбубәкір аман-есен табылды, деп жазады Alash.kz.
Жағымды жаңалықты 26 жастағы бойжеткеннің әпкесі Рузана хабарлады.
«Әсем табылды. Қазір оның жағдайына қатысты толық ақпарат айтпауымды өтінді. Сыртқы істер министрлігіне, полицияға, Ішкі істер министрлігіне және іздеуге көмектескен барлық жандарға алғысымды білдіремін. Енді мен үшін ең маңыздысы – оған тезірек жету. Сол себепті ұшақ билетін мүмкіндігінше жылдам табу мәселесі туындап отыр. Бағасы маңызды емес, бастысы – ауысу уақыты аз болып, оған тез жету», – деді Рузана.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Әсем Қазақстан консулының жанында. Рузана қарындасын бейнеқоңырау арқылы көргенін, бірақ басқа жайттарға қатысты әзірге пікір білдіре алмайтынын жеткізді.
«Ең бастысы – оның табылғаны. Барлық қолдау көрсеткен жандарға үлкен рахмет», – деп қосты ол.