Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын қайта тағайындауға қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.
Премьер министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы директорларды ротациялауға қатысты өзінің позициясын білдірді. Ол кісі қала мектептерінің директорлары үшін 3+3, ауыл мектептерінің директорлары үшін 5+5 форматы деген ұсынысын айтты. Бірақ нүктені қоятын Оқу-ағарту министрлігі. Сондықтан да ол кісі бұл ұсынысты талқылаңыздар, жан-жақтан көптеген сын пікірлер айтылып жатыр, барлығын зерделеп, негізгі мақсат - оқу процесі ақсамайтындай шешім қабылдау керек деген ұсынысын айтты. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Өйткені бүгінгі таңда, өзіңіз байқап жүргендей, ашықтық принципіне келе жатырмыз. Өзіміздің ойымызды ашық айту, сонымен қатар жалпы біздің аудиторияның пікірін тыңдай отырып, шешім қабылдау форматына түгел көштік деп айтқым келеді», – деді Жұлдыз Сүлейменова 24kz арнасының «Түйін» бағларламасына берген сұхбатында.
Оқу-ағарту министрі мектеп директорларын қайта тағайындау мәселесіне кеңірек тоқталды.
"Біріншіден, мектеп директорлығы – адам зейнетке кеткенге дейін отыратын орын емес. Заман өзгерді, басқару принциптері, жүйелері өзгерді. Біз қазір басқару менеджментіне жаңашылдықтарды енгізіп жатырмыз. Өйткені мектеп директоры болғысы келетін сауатты, білікті, шығармашыл ұстаздарымыз бар. Біз осы талантты ұстаздарымыздың арасынан ең мықты менеджер шығатындай жүйе қалыптастыруымыз қажет. Мектеп директоры ешкімнің өмір-бақи отыратын орны болмауы қажет. Мен өз позициямда қаламын. Менің ойымша, қала мектептері үшін 2+2, ауыл мектептері үшін 3+3 форматын ұсынатын боламыз. Бірақ бұл шешімді біз қоғамдық кеңесте, білім басқармаларында, білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерінде талқылаймыз және жан-жақтағы ұстаздарымыздың, ата-аналардың пікірлерін ескеретін боламыз», – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.