Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қылмыстың мотиві анықталды. Толық мойындады»: Министрлік Атыраудағы трагедияға қатысты шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

17:22, 10 наурыз 2026

Атырау облысында өткен жылдың соңынан бері іздестірілген төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты аса ауыр қылмыстың беті ашылды, деп жазады Alash.kz. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, марқұмдардың барлығы қаскөйдің қолынан қаза тауып, мәйіттері әртүрлі жерге жасырылған. Бұл қайғылы жағдай туралы ақпарат 2025 жылдың желтоқсанында, туыстарының полицияға арыздануынан кейін басталды. Бірнеше ай бойы байланысқа шықпаған 66 жастағы ер адам, оның жұбайы және екі перзентіне халықаралық іздеу жарияланған болатын. Қаңтар айының басында алғашқы екі мәйіт табылып, іс «адам өлтіру» бабына ауыстырылды. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов тергеудің барысы туралы былай деді:

«Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйінде табылды. Қаңтардың басында әкесі мен анасының денесі анықталса, кейінірек ұлы мен қызының мәйіттері де табылды».

Қылмысты жасады деген күдікпен марқұмдардың бұрынғы күйеу баласы мен оның бірге жүрген әйеліне іздеу жарияланды. Көп ұзамай күдікті Индонезия аралдарының бірінде қолға түсіп, Қазақстанға жеткізілді. Ол тергеу кезінде қылмысын толық мойындап, қалған мәйіттердің қайда көмілгенін көрсеткен. Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша:

«Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезиядағы әріптестерімен бірлесіп, күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды».

Алдын ала болжам бойынша, бұл қанды оқиғаға ұзақ уақытқа созылған отбасылық кикілжіңдер себеп болған. Қазіргі уақытта екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ, марқұмдардың кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы тексерілуде. Оның психологиялық ахуалын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Қанат Нұрмағамбетов мәселенің мән-жайын:

«Төрт адамды өлтіруге ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде және министрліктің тікелей бақылауында», — деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар