Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өндірістік интеграция: Шатыркөл байыту фабрикасы «Қазақмыс» құрамына өтеді

13:39, 10 наурыз 2026

«Қазақмыс» Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі кәсіпорындарды өз басқаруына алад, деп хабарлайды Alash.kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Шатыркөл-Жайсаң кластеріне қарасты кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында компания басшысы «Жайсаң» және «Шатыркөл» кеніштерінің жұмысын тексеріп, Шатыркөл байыту фабрикасын аралады. Сондай-ақ вахталық кенттегі жұмысшылардың тұрмыс жағдайы мен тамақтану сапасына ерекше назар аударды.

Басқарудағы стратегиялық өзгерістер Шатыркөл-Жайсаң кластері — өңір экономикасына елеулі үлес қосып отырған компанияның ең маңызды өндірістік нысандарының бірі. Сапар аясында Шатыркөл байыту фабрикасын одан әрі пайдалану мәселесі талқыланды. Мердігер ұйыммен келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты, кәсіпорынды басқару тікелей «Қазақмыс» корпорациясына өтеді.

Еңбек жағдайлары мен әлеуметтік кепілдіктер Компания фабриканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған қызметкерлерді өз штатына қабылдауға дайын екенін растады. Ең бастысы — жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлердің еңбек жағдайы төмендемейді.

- Төлемдер: Жалақы, өтемақы және ынталандыру үстемелері толық сақталады.
- Тәртіп: Вахталық жұмыс кестесі мен тамақтану шарттары өзгеріссіз қалады.
- Заңдылық: ҚР Еңбек заңнамасында көзделген барлық әлеуметтік кепілдіктерге кепілдік беріледі.

«Біз үшін Шатыркөл фабрикасындағы кәсіби ұжымды сақтап қалу — басты басымдық. Бұл мамандардың білімі мен тәжірибесі кәсіпорынның тұрақты дамуы үшін өте маңызды. Біз жұмысшыларды барлық әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, штатқа қабылдауға дайынбыз», — деп атап өтті Руслан Өскенәлі.

Мақсат — тұрақтылық пен қауіпсіздік Бұл шешім өндірістік үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге және ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, кластер ішіндегі өндірістік ықпалдастық күшейіп, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттары енгізілмек. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау ҚР заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен жүзеге асырылады.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар