Белгілі блогер Рүстем Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте орын алған оқиғаға байланысты айтқан сөзі үшін көпшілік алдында кешірім сұрады, деп Alash.kz тілшісі Todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өз мәлімдемесінде бастапқы жазбасында ер адамның әрекеті дұрыс емес екенін ашық айтқанын еске салды.
"Соңғы күндері тарап жатқан менің жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші сторисымда айтқанымдай, бұл жағдайда толықтай ер азаматтың жасағаны қате. Бұл – айқын. Дінімізде де "бір күндік неке" деген түсінік жоқ екенін нақты тағы айтқым келеді", – деді Рүстем Жүгінісов.
Алайда екінші жарияланған жазбасында өз ойын эмоциямен жеткізіп, қатал сөздер айтқанын мойындады. Оның айтуынша, бұл – үлкен қателік.
"Ал, екінші сториста, өкінішке қарай, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын", – деді ол.
Рүстем Жүгінісов мешіттегі жағдайды көпшілікке жеткізген бойжеткенді кінәлеу ниеті болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, ол тек қыздардың қауіпсіздігіне алаңдап, әке ретінде қорқыныш сезімінен туындаған пікірін айтқан.
"Бұл мәселені қозғағанда, ең алдымен қауіпсіздік жағын ойлаған едім. Ия, мен де қыз бағып отырған әкемін. Мен де қыздарымды уайымдаймын. Кеш бата көшеде түрлі қауіп төндіретін ер азаматтар, яғни мас күйдегі адамдар, есірткі әсеріндегі немесе психикалық жағдайы тұрақсыз азаматтар кездесуі мүмкін. Мен тек сол қауіптерден қорғаштап, қарындастарымды уайымдағандықтан, эмоциямен айтып қойдым. Ия, жеткізу формасынан қателік кеткені рас. Бірақ, менің ниетім ешқашан ару жандарды кінәлау болмаған", – деп жазды желі белсендісі.
Ол әйелдер қауымын әрдайым қолдайтынын айтып, барлық арулардан кешірім сұрады.
"Ең алдымен, өзгеріс те, жауапкершілік те ер азаматтардан басталуы қажет. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Айтылған әр пікірді қабылдап жатырмын. Қарындастарым, әпкелерім сіздерді ренжітіп алсам, шын жүректен кешірім сұраймын!", – деді Рүстем Жүгінісов.
Еске салсақ, бұған дейін Эмануелла Наурызбаева есімді бойжеткен "Нұр ғасыр" мешітінде бейтаныс ер адамның оған "бір реттік неке" ұсынғанын айтып, желіде видео жариялаған. Желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты түрлі пікір білдіріп, оның ішінде Рүстем Жүгінісов бойжеткенді "бай іздеп барды" деп айыптаған еді.