Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстар салу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қарасу ауданында су бұру арнасын (бұрма канал) салуға Үкімет резервінен 1 миллиард теңге бөлінді. Үкіметтің ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, қаржы бөлу туралы қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады Alash.kz.
2024 жылғы көктемгі тасқын кезінде Тімтуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдері қосылып, 621 км² аумақта ірі су айдыны пайда болған. Нәтижесінде:
- 38 шақырымдық электр желісінің 234 тірегі су астында қалды (аудан желілерінің 15,5 %).
- Тіректер құласа, 2 426 абонент — шамамен 10 мың тұрғын — және 114 ауыл шаруашылығы құрылымы жарықсыз қалу қаупі бар.
- Су жайылған өңірде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар, байланыс желілері, егістік алқаптары мен жайылымдар орналасқан.
Облыс әкімдігі дайындаған жоба бойынша Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым су бұру арнасы салынбақ. Жобаның жалпы құны — 1,9 млрд теңге. Оның бір бөлігі облыстық бюджеттен, қалғаны — республикалық резервтен бөлінеді.
Үкімет резервінен берілген 1 млрд теңге құрылысты мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде, топырақтың дренажын жақсартып, су тасқынының қайталануына жол бермейді.