Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Бекжан Тұрыстың ұлы Мағжан Асаубай шаңырақ көтерді, деп хабарлайды Alash.kz.
Мағжан Тұрыс 2000 жылдары көрермен көзайымына айналған «Ұят болмасын» бағдарламасында Бекжан Тұрыстың немересі рөлін сомдап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. Содан бері Мағжанның сол кездегі сүйкімді де бейнелі образы ел есінде сақталып, жұртшылықтың сүйіктісіне айналған болатын.
Бүгінде ер жетіп, азамат болған Мағжанның қуанышты сәтінен түсірілген әсерлі кадрлар әлеуметтік желіде тарап, ел тойына айналды. Ерекше форматта ұйымдастырылған салтанатты кешке М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері мен елімізге белгілі өнер майталмандары түгел жиналды. Тұрыс әулетіндегі кеште Меруерт Өтекешова, Мақпал Жүнісова, Асылбек Боранбаев, Дулыға Ақмолда, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Біләл сынды сахна саңлақтары бой көрсетіп, жас жұбайларға ақ баталарын берді.
Тойдың көркін қыздырған басты сәттердің бірі — М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері қазақтың дәстүрлі «Жар-жар» әнін өзіндік ерекше нақышта, сахналық қойылым ретінде орындауы. Сонымен қатар той үстінде қонақтар арасында дәстүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды.