Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Полтавка ауылында кешкісін өрт шықты. Ауылдың шет жағындағы үйді қызыл жалын шарпыған кезде, өрт сөндірушілер 13 шақырым жерден жеткенімен, баспана түгелге жуық жанып кеткен, деп хабарлайды Alash.KZ.
Жалынды ауыздықтағаннан кейін қираған үйдің ішінен 58 жастағы әйелдің және 44 пен 46 жастағы екі ер адамның денесі табылды. Ал үй иесінің 35 жастағы қызы ғана аман қалып, сыртқа шығып үлгерген.
Белгілі болғандай, қаза болған ер адамдардың бірі сол күні қонаққа келген, ал екіншісі марқұм әйелдің қызының азаматтық некедегі жары болған. Ауыл тұрғындары бұл әулетті көпшілікке сыйлы, тату отбасы дейді. Ер адамдар жергілікті шаруашылықта еңбек еткен, әйел үй шаруасымен айналысыпты.
Қайғылы жағдайға байланысты облыстық тергеу басқармасы істі қылмыстық тұрғыда қарап отыр. Басқарма басшысы Азат Құсаиновтың айтуынша, марқұмдардың өлімі қасақана жасалған қылмыспен байланысты болуы мүмкін.
“Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша – екі немесе одан да көп адамды өлтіру дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді ол.