Актер Рүстем Жаныаманов жақында өзінің продюсерлік еткен жобасы жайлы жаңалықтарын бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
12 желтоқсаннан бастап актер Рүстем Жаныамановтың "Сен маған керексің" атты фильмі көрерменге жол тартады. Актер фильмде түрлі жанр ұштасып, ерекше кадрлармен көрерменді таңғалдырады дейді.
"Киномызды өте бір ерекше стильде жасағымыз келді. Қазір отандық киноиндустрияда менталды комедиялар мен драмалар көп. Сондықтан микс жасауға тырыстық. Оның ішінде экшн да бар, фантастика да бар. Осындай жанр өзіме баяғыдан қызық. Сол дүниені өзім байқап көргім келді" - деді Рүстем Жаныаманов.
Актер өз фильмінің басты рөлінде әйелі Жанаргүл Жаныаманованың ойнайтынын айтты. Бұл шешімге не себеп болды?
"Жанаргүл жаңа жанрды көргісі келді. Ол көп кинода үнемі жақсы әйелдің, жақсы адамның рөлін сомдайтын. Бұл жолы антагонистің рөлін ойнайды. Өзіне де қызық болды. Эксперимент жасап көргіміз келді. Қысқасы, бұрын болмаған дүниеге толы болайын деп тұр", - деді ол.
Сондай-ақ ол жаңа жобасын халық қалай қабылдар екен деген іштей қорқынышы барын да бөлісе кетті.
"Уайым әрқашан болады ғой. Оның үстіне тырнақалды туындым. Іштей қорқыныш бар. Бірақ бәрі сәтті болатынына сенемін", - деп қосты актер.