Көшпенділер ойындарында Қазақстанға ерекше құрмет көрсеткен қырғыздың белгілі журналисі Айзада Жамгырчиеваға Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров теміркөлік сыйлаған болатын. Бүгін журналист қыз темір тұлпарын көрсетіп, көрімдік сұрады, деп жазады Alash.KZ
Қуанышын инстаграм парақшасында жариялаған Жамгырчиева:
"Кейде бір сыйлықтың артында мың сөзге татитын мән жатады. Бауырымдай болған қазақ елі, бүгін сендер, мені жай ғана қуантқан жоқсыңдар – жүрегімді жылыттыңдар. Уәделеріңде тұрып, көрсеткен құрметтерің үшін шын жүрегімнен алғыс айтамын! Қырғыз бен қазақты шекара бөлгенімен, жүрегімізді ештеңе ажырата алмайды. Тарихымыз тамырлас, тіліміз үндес, көңіліміз бір. Қазақ еліне үлкен рақмет! Бұл жақсылықтарың өздеріңе мың еселеп қайтсын! Қазақ-қырғыз бауырластығы мәңгі жасасын Достығымыз берік, ынтымағымыз мәңгі болсын!" деп жазды.