Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ауыр қылмыс орын алды. Жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі қайғылы жағдайды растап, күдіктінің сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша Зайсан аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты бұлтартпас шара ретінде қамауда ұстау сот санкциясымен таңдалды. Бұл іс бойынша күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеудің толық, жан-жақты әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттер атқарылуда», — деп мәлімдеді ведомстводан.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін қорғау мақсатында өзге мәліметтер құпия ұсталуда.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде қаза тапқан әйелдің мұғалім екені және жасөспірімнің бұл қадамға «Көк кит» қауіпті ойынының тапсырмасымен барғаны туралы сыбыстар тараған еді. Тәртіп сақшылары бұл қауесеттерді үзілді-кесілді жоққа шығарды.
«Ақпарат кеңістігінде таралып жатқан мәліметтерге байланысты қаза тапқан әйелдің мұғалім болғаны туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Сондай-ақ тексеру барысында болған оқиғаның «Көк кит» деп аталатын ойынмен байланысы анықталған жоқ. Бұл ақпарат расталған жоқ», — деп нақтылады ШҚО Полиция департаменті.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары ел азаматтары мен БАҚ өкілдерін жалған мәлімет таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.